Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия Президенті Александр Ван дер Белленге көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Бүкіл австриялықтар сияқты барлық дінге кереғар келетін, адами сенім мен ақылға сыймайтын мұндай жантүршігерлік зорлық әрекетке қарсымын. Терроризмнің кез келген түріне жол беруге және оны ақтауға болмайды. Осындай қаныпезер зұлымдыққа барған барлық кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенемін. Қазақстан халқының және өз атымнан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Осынау қаралы күндері Австрияның Федералдық Үкіметімен және халқымен біргеміз»,–делінген жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, Венада кеше кешкісін қарулы топ қаланың бірнеше ауданында оқ атып, төрт адам қаза тапты. Тағы он шақтысы жараланған. Полицияның хабарлауынша, күдіктілердің біреуі қақтығыс барысында мерт болып, төртеуі тұтқындалды. Тағы бірнешеуі оқиға орнынан ізін суытып үлгерген. Қазір оларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы операцияға жүзден астам маман жұмылдырылды. Ел билігі болған оқиғаны «теракт» деп бағалап, күдіктілердің қылмысқа алдын ала дайындалғанын мәлімдеді. Осыдан кейін бүкіл ел аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады.
Жансая Қапасқызы