Америкалық ірі компания Алматы облысында ет өңдейтін зауыт ашады. Бұл туралы аймақ басшысы Амандық Баталов айтты. Әкімнің сөзінше, аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі 17 пайыз. Дегенмен жетісулықтар мұнымен тоқтап қалмай, одан әрі дамуды көздеп отыр.
2025 жылға дейін агротауарларды өңдейтін тағы 25 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. «Осылайша ет өндірісін жылына 500 мың тонна, ал сүт көлемін 900 мың тоннаға жеткіземіз», - деді облыс әкімі. Аймақта ірі қара мал саны 1 млн 300 мыңнан асады. Ал қой мен ешкі 4 млн 200 мыңға жетті.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:Мәселен, «Тайсон фудс» америкалық компаниясы жалпы көлемі 190 млрд теңге инвестиция сала отырып, ірі қара етін өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Олардың қуаты жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдеуге жетеді және 4 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Аймақ еліміздегі ірі қант өндіруші өңір саналады. Биыл жетісулықтар 50 мың тоннадай құм шекер өндіруді жоспарлап отыр. Бұған қант қызылшасының егіс көлемінің көбеюі сеп. 2014 жылы тәтті түбір 1,2 мың гектар жерге егілсе, биыл 16 мыңнан асқан. Сондай-ақ өңірдегі екі бірдей қант зауыты жаңарып, модернизациядан өтті. Облыс 2023 жылға қарай ел нарығының 70 пайызын қантпен қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Шерхан Жамбылұлы