Өткен аптада Президент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының съезіне қатысқанда коронадағдарыстан аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланып жатыр деген мәлімет айтылған. Олай болмай шықты. Сонда Президентке жалған ақпар берілгені ме?
Жалпы мұның тарихы мынадай: Қыркүйектегі Жолдауында Президент орта және шағын бизнес өкілдерінің несиелерін 6 процентке дейінгі мөлшерлемемен субсидиялауды тапсырған. Сөйтіп ол үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінетінін айтып, ал жалпы субсидиялау көлемі 800 млрд теңге деген.
Ал енді Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы субсидиялаудың әлі күнге басталмағанын айтады. «Атамекен» палатасының мәліметінше, тіркелген бизнес субъектілерінің үштен екісі, дәлірегі – 1 млн кәсіпкер пандемияның кесірінен зардап шекті», дей келе «Ақылға сыймайтын өте жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен айналымның масқара түсіп кеткенін ескерсек, отандық кәсіпкерлер үшін Президенттің несиелерді субсидиялау туралы пәрмені аса маңызды болатын, алайда екі ай өтті, барлық аймақтың кәсіпкерлері қайта қаржыландырудың басталмағанын да айтып, партиямызға шағымданып жатыр» деді А.Перуашев.
Біз кәсіпкерлердің өздерінен де сұрап көрдік. Күләнда Батырбекова үш балабақша, бір мектеп ашып, 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Төтенше жағдай кезінде де қызметкерлерінің жалақысын төлеп келген. Кәсіпкердің сөзінше несие әлі субсидияланбаған.