Қазақстанда ислам банкингінің дамуына не кедергі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ислам банкингінің дамуына не кедергі

09.11.2020
Қазақстанда ислам банкингінің дамуына не кедергі

Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді. Олардың жиынтық активтері қыркүйектің соңында 72,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,2%-ға өсті (54,3 млрд теңге). Соңғы бес жылда ислам банктерінің активтері жылына орта есеппен 14%-ға өскен.

Алайда осы жоғары көрсеткіштерге қарамастан, елдің банк секторының жиынтық активтеріндегі ислам банкингінің үлесі төмен деңгейде - 0,24% ғана. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш аз ғана өзгеріп, 0,15-0,24% аралығында болды. Ал Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, елдегі ислам банктері активтерінің үлесі биыл 3-5% болуы тиіс еді.

Ranking.kz сарапшылары Қазақстандағы исламдық қаржыландыру жүйесінің дамуын тежейтін факторларды атады.

«Біріншісі, қаржылық сауаттылықтың төмендігі және ақпараттың аздығы. Мәселен, өткен жылы Al Hilal мен «Заман Банк» ислам банкі жарнамаға небәрі 9,4 млн теңге жұмсаған. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Салыстырып айтсақ, былтыр еліміздің үш ірі банкі жарнама мен маркетингке 8,2 млрд теңге, яғни операциялық шығындардың 3,4%-ын бөлген. 
Екіншісі, ақпараттың аздығынан халық ислам банктеріне күмәнмен қарайды. Сондай-ақ мемлекет ислам банкіндегі депозиттерге кепілдік бермейді.
Исламдық қаржыландыру саласының тағы бір мәселесі - кадр тапшылығы. Яғни, Ислам өнімдерімен жұмыс істеу тәжірибесі бар мамандар жетіспейді», - дейді агенттік өкілдері. 

Биылғы 1 қазанда заңды тұлғалардың ислам банктеріндегі салымдарының үлесі 89% құрады. Ал жеке тұлғалардың депозиттерінің үлесі 11% ғана. Негізі ислам банктері тек бизнеске ғана несие береді (тек 2017 жылы басталған Al Hilal Bank-тен алынған исламдық ипотекадан басқа).

Жалпы, елдегі ислам банкингінің дамуы тұрғындарға қосымша қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсынады.

ислам банкі банк депозит

Хабарламаларға жазылу