Тағы бір өңір «қызыл» аймаққа енді. Павлодарда коронавирусты жұқтыру деңгейі күрт артқан. Ал, Қостанай, Ақмола Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары - сары аймақта. Осы өңір әкімдері дереу қосымша шаралар қабылдап, мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс. Премьер-Министрдің пәрмені осы. Асқар Мамин инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Өкінішке орай, індет барлық өңірде өршіп тұр. Осыған орай Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне де бірнеше нақты тапсырма берді. Барлық деңгейдегі медициналық мекемелер сырқаттанудың ықтимал өсуіне толық дайын болуы шарт. Сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмыстарын үзбей, елімізде ем алып жатқан шетелдіктерге шақыру құжаттарына бақылауды күшейту керек деді. Ішкі істер министрлігі халық пен бизнес субъектілерінің карантин шараларын сақтауын бақылауды күшейтеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Қазіргі таңда санитарлық-эпидемологиялық жағдайды қатаң бақылауға алу, вирустың таралуына жол бермеу аса маңызды міндет болып табылады. Жалпы өңірлердегі эпид жағдайға қатысты барлық мәселелер Үкіметтің үнемі бақылауында.
Ләйлә Дулатқызы