Қарағанды облысында мал ұрлығына тосқауыл қою үшін бекеттер қойылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында мал ұрлығына тосқауыл қою үшін бекеттер қойылып жатыр

12.11.2020

Қарағанды облысында мал ұрлығына тосқауыл қою үшін өңірде 25 бекет орнатылды. Әсіресе соғым науқаны басталғаннан бер ұрлық жиілеген. Ал облыстың кей аумағында тіпті жабайы жануарларды қысқы азығына атып алуға көшкен.  

Облыс төңірегіне қойылған бекеттер күніне 500 мың көлікті тексереді. Базарлар етті таңғы 4-тен бастап қабылдайтындықтан, жұрт малды түнемелік тасымалдайды. Бұл барымташылар үшін де оңтайлы. Оларда ветеринарлық анықтама, учаскелік полиция инспекторының мөр қойылған қағазы әлбетте жоқ. Ұрылар түн қараңғылығын пайдаланып бекет бар тұстан айналып өтпек болады. Мұны ескерген тәртіп сақшылары күн сайын тексеру орнын ауыстырып отырады.

Алмас Жақаев, криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:  
-Қазан айынан бастап бекеттер қойылғаннан бері 6 қылмыстық іс, мал ұрлығы ашылды. 30-дан астам жылқы тәркіленіп иелеріне қайтарылды.  

Өңірде өрісті барымташылар тарылтса, ал браконьерлер даланы қан қақсатып тұр. Жыл басынан бері 83 заңсыз аң аулау фактісі тіркелген. Қанды қол аңшысымақтардан 79 киік, 2 елік, бір бұлан тәркіленген. Бұл ұсталғандары ғана. Ал, қыстан хабар жетіп, соғым науқаны басталғалы түз тағыларына тағы тыным жоқ. Әсіресе, Ұлытау, Нұра, Жаңаарқа, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарында. Осыған байланысты табиғат қорғаушылары тікұшақпен рейдке шығуды жиілетіпті.

Батырхан Сағадиев, табиғатты қорғау полициясы бөлімінің инспекторы: 
-Жыл басынан бері 848 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 1046 заңбұзушылық фактісі анықталып, 65 қылмыстық іс қозғалды.  

Иә, браконьерлер мен барымташылардың талайына қылмыстық іс қозғалып, бірқатары темір торға да тоғытылып жатыр. Ол үшін елде заң да күшейтілді. Мысалы, аса ірі көлемде заңсыз аң аулағандарды 12 жылға дейін соттайды. Бірақ қылмыс азаятын емес.

Руслан Нұрланұлы


Қарағанды облысы мал ұрлығы бекет

Хабарламаларға жазылу