«Шаңырақ» бағдарламасына 3 айда 74 мыңнан астам адам өтініш берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шаңырақ» бағдарламасына 3 айда 74 мыңнан астам адам өтініш берген

13.11.2020
«Шаңырақ» бағдарламасына 3 айда 74 мыңнан астам адам өтініш берген

«Шаңырақ» бағдарламасына 3 айда 74 мыңнан астам адам өтініш берген. Бұл туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев Қазақ радиосына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, қазір әкімдіктердің баспана кезегінде 532 мыңға жуық адам бар. Жалпы, «5-10-20» бағдарламасына қатысуға тілек білдіргендер көп. Оған тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Басты талап - соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан (КМ, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап – 32 668 теңге) артық болмауы керек. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы 101 270 теңгеден аспауы тиіс.

«Тамыздан бері бұл бағдарламаға баспаналы болуға ниетті 74180 адам өтініш берді. Оның 53 мыңы барлық талапқа сай келді. Қазіргі таңда 3028 адамның өтініші мақұлданды», - деді банк өкілі.

Жансұлтан Матаев сондай-ақ 2021 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ребрендинг жасап, «Отбасы банкі» болып аталатынын да мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Отбасы банкінің қызметі мен мақсаты өзгермейді. Бұған дейінгі келісімшарттар, депозиттер, сыйақылар, ипотекалар сол қалпында орындала береді. 

«Отбасы банкіне қосымша функциялар – арендалық төлемдерді субсидиялау, әкімдіктегі баспана кезегін жүргізу қызметтері беріліп отыр», - деді Матаев.

Хабарламаларға жазылу