Шымкент тұрғыны бұрынғы келінінің алтын сырғасы мен бұқасын тартып алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент тұрғыны бұрынғы келінінің алтын сырғасы мен бұқасын тартып алған

13.11.2020
Шымкент тұрғыны бұрынғы келінінің алтын сырғасы мен бұқасын тартып алған

Түркістан облысы, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұқа мен алтын сырғаны иесіне қайтарды. 

Polisia.kz сайты «Түркістан облысының полициясы озбырлық жасаған бір әйелді қолға түсірді» деген ақпарат таратып отыр. Мән-жайды тарқатқан дереккөз жанжалға себеп болған – қалың малға төленген ақша  екенін хабарлайды.  

«Түлкібас аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне осы мекен-жайда тұратын әйел келіп, Шымкент қаласында тұратын бұрынғы екі туысы күш көрсете отырып, алтын сырғасын және қорадағы бұқасын тартып алды деген арыз қалдырды. Полция бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 389-бабы, «озбырлық» әрекеті бойынша тіркеді», - деп хабарлаған дереккөз.

Осылайша, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына келіп мынаны анықтаған: арыз жазып отырған әйел тұрмысқа шығып, бір апта өтпей ажырасқан екен. Бұрынғы күйеуінің әпкелері қалың малға төлеген ақшаны (сомасы белгісіз -авт.) қайтар деп, дау шығара келген. Үшеуі ұрсысқан, «бір апта» ғана келін болған адамнан қалың малдың ақшасын қайтара алмаған соң, олар оның алтын сырғасын шешіп алып, қорадағы бұқасын айдап әкеткен.  

«Жедел-іздестіру кезінде полиция күдіктілерді ұстап, олардың біреуін, яғни, өзгенің мүлкін күшпен тартып алған әйелді полиция бөліміне әкелді. Бұқа мен сырға бұрынғы иесіне бұйырды. Қазір күдікті әйел қолхат негізінде үйіне босады. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлайды polisia.kz.


Хабарламаларға жазылу