Алтай қаласы карантинге жабылып, санитарлық бекеттер қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтай қаласы карантинге жабылып, санитарлық бекеттер қойылды

16.11.2020

Шығыс Қазақстанда тағы бір қала карантинге жабылды. Алтай шаһарының кіреберіс жолдарына санитарлық бекеттер қойылды. Өйткені соңғы бір аптада бұл жақта індетке шалдыққандар саны күрт көбейген. Қазір бізбен тікелей байланысқа осы өңірдегі меншікті тілшіміз Берік Көшербай шықты.  

Берік Көшербай, тілші 

-Шығыста індет өршіп тұр. Алтай ауданында соңғы тәулікте 30 адамнан кесел анықталды. Жалпы бүгінде аудан бойынша вирус жұқтырғандар саны 825-ке жетті. Сондықтан, Алтай қаласына кіріп-шыққандарды бақылау үшін екі жерде санитарлық бекет қойылды. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша «қызыл аймаққа» еңген. Індетке шалдыққандар саны азаймай тұрған соң өңірде шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылған. Қоғамдық орында бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және өзге де санитарлық талаптардың орындалуын тексеру үшін күнделікті рейдтер жүргізілуде. Қазір облыс бойынша қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 14 мыңға жуықтап қалды.

Берік Көшербай 


Алтай қаласы карантин санитарлық бекет

Хабарламаларға жазылу