Баку Кельбаджар ауданын қарашаның 25-де бақылауға алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баку Кельбаджар ауданын қарашаның 25-де бақылауға алады

16.11.2020

Әзірбайжан Кельбаджар ауданын бақылауға алуды біршама кешеуілдетуге мәжбүр. Себебі, одан этникалық армяндардың көшуіне ауа-райы кедергі жасап отыр. Бұған қоса, ресми Баку қоныс аударушыларды «экологиялық террорға» барды деп айыптады.  

Әзірбайжан Кельбаджар ауданын бақылауға алуды қарашаның 25-не қалдырды. Өйткені, одан армян күштері мен бейбіт тұрғындарын Армениямен байланыстыратын таудағы жалғыз жолмен шығаруға күннің суытуы кедергі жасап отыр. Айта кетсек, бұл аудан Бакудің қарамағына кеше өтуі керек еді.

Сонымен қатар, Әзірбайжан билігі армяндардың үйлерін жаппай өртеп, ағаштарды кесіп кетуін «экологиялық террорға» теңеді. Қоныс аударушылар болса, дұшпанға түк те қалмасын деген қағидатты берік ұстанғандай.

Арсен, Кельбаджар ауданының тұрғыны: 
-Олар айтады – бәрің кетулерің керек деп. Әзерилер тұрмақ мұнда. Тұра берсін егер тұра алса.  

Кельбаджарда 1994 жылға дейін, яғни, армян оккупациясы қарсаңында, негізінен әзірбайжандар тұрған. Бакудің мәлімдеуінше, содан бері мұнда қоныстанған этникалық армяндар талай мешітті мал қораға айналдырды. Енді армяндардың өз мәдени нысандары мен діни мекемелері шабуылға ұшырап жатыр. Осыған байланысты Дадиванк ауылында 12 ғасырда салынған шіркеу ресейлік бітімгер жауынгерлердің бақылауына өтті.

Мосес, монастырь қызметкері: 
-Мен білмеймін, мұнда әрі қарай не боларын. Бұл монастырға жолдамамен келген едім. Ресей жауынгерлері келіп, бізді қорғап жатыр. Монастырь олардың өздерін қорғайды.  

Таулы Қарабақ үшін соңғы соғыс бір жарым айға созылды. Оның нәтижесінде Әзірбайжан армиясы Қарабақтың айналасындағы аудандар мен оның ішіндегі территориялардың айтарлықтай бөлігін қайтарды. Мәскеу, Ереван, Баку жасаған келісімге сәйкес, сол жерлер әрі қарай да Әзірбайжанның бақылауында қалуы керек.

Арыстан Рысбек 


Баку Кельбаджар

Хабарламаларға жазылу