Сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді – Мусин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді – Мусин

17.11.2020
Сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді – Мусин

Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин автокөлікті тіркейтін және жүргізуші куәлігін беретін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы болашақта тек бір ғана қызмет көрсетеді деді.  

Жалпы, Мусиннің айтуынша, қазір адам сатып алған көлігін электронды үкімет арқылы тіркей алады. Бірақ, соған қарамастан, адамдар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, бірнеше сағатын жоғалтады, кезек күтеді. Сондықтан, Мусин басқарып отырған министрлік халыққа өте қажетті қызметтерді жеңілдетуге көшкен.

«Жүйелі түрде, халық көп талап ететін қызмет түрлерін оңтайландырып жатырмыз. Мысалы, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 миллионнан астам халық жүгінеді. Азаматтар автокөлікті тіркеу қызметі онлайн боса да, орталыққа барып, бірнеше сағатын жоғалтады.

Осы мәселені талқыладық, жаңа процесс бойынша, сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті пилотты режимде Kaspi.kz қосымшасына шығардық. Ал кредитке алынған көлікті тіркеу бойынша «Халық банк» және «Сбербанк» банктерімен жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тек көлік жүргізу куәлігін беретін қызмет қалады», - дейді Бағдат Мусин.

Толықтай осы тәртіпке ауысу үшін бірнеше облыста мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын ашу керек.


Хабарламаларға жазылу