Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі. Бүгін Үкіметте мемлекеттік қызметтерді алу процесін жетілдіру жайы талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша қазір 700-ге жуық қызмет түрі бар. Оны онлайн алу үшін биометриялық сәйкестендіру жолымен, яғни камераға бет жүзіңізді көрсету арқылы тіркелу мүмкіндігі пайда болмақ. Тіпті дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу қызметі іске қосылады.
Әрі ипотека рәсімдерде үйді кепілге қою процесі автоматтандырылып, уақыты қысқарады. Қазір бұл үш күннен артық уақытты алады. Сондай-ақ жыл соңына дейін 30-дан астам қағаз анықтама алынып тасталады. Премьер-Министр бюрократиядан арылу үшін осы жұмысты жалғастыруға тапсырма берді.
Үкіметте тауарларды таңбалау және қадағалау мәселесі де қаралды. Бұл нарықты контрафактілі және сапасыз тауардан қорғауға мүмкіндік береді. «Әрі кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетігін арттырып, көлеңкелі бизнестің алдын алады», - деді премьер. Әрі тауарларды таңбалаудың арқасында бюджет түсімдері 58 миллиард теңгеге арттады деп болжанып отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Халыққа біздің жұмыстың нақты нәтижесі қажет. Жалпы 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы қызметтерді жеткізу және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет.
Досжан Маратұлы