Кешеден бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында 5-сыныптар үшін кезекші топтар ашылды. Бұл шара аймақтардың эпидемиялогиялық жағдайына байланысты қабылданды. Білім ошақтарында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады. Егер жағдай ушықса, мектептер карантинге жабылады.
Екінші тоқсанда 1-5 кластарға арналған кезекші сыныптарда 800 мыңнан астам бала оқиды деп болжанып отыр. Ал онлайн оқу 2,2 миллион оқушыны қамтиды. Қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдердің жалақысы қысқармайды. Егер осыған қатысты нақты дерек болса, ол егжей-тегжей тексеріледі. Екінші тоқсанда 4 мыңға жуық ауыл мектебі дәстүрлі форматта білім береді.
Рүстем Биғари, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:-7 мың білім ордасы ішінде 3700 ауыл мектебі дәстүрлі форматта білім беріп жатыр. Бұл жерде тұрғындар саны, контигнет және интернет сапасы ескерілген. Егер елді мекенде интернет жоқ болса, қашықтан оқуға ешкім мәжбүрлемейді.
Жаңа оқу жылы басталғалы кезекші сыныптарда 302 оқушы короновирус жұқтырса, 1 бала пневмонияға шалдыққан. Қазір 456 бала емделіп жатыр. Сонымен қатар, қыркүйектен бері мектептерде жұмыс істейтін 241 адам вирус жұқтырған. Балалар коронавирусты жеңіл көтереді, бірақ вирус таратушы. Сондықтан білім ошақтарында әлеуметтік арақашықтық пен бетперде кию сақталады.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:-Осы талаптарды бұлжытпай орындайтын болсақ, мектептерде вирустың таралуына жол бермейміз. Кезекші сыныптарда оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Бұл әлеуметтік арақашықтықты сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, сабақ уақыты 3 жарым, 4 сағатқа қысқартылды.
Биыл мектеп қабырғасында жаңа жылдық шаралар өтпейді. Ал «қызыл аймаққа» енетін өңірлерде кезекші сыныптардың жұмысын тоқтату-тоқтатпау санитарлық дәрігердің шешімімен жүзеге асады.
Дарын Сағитов, тілші:
-Екінші тоқсан басталғалы еліміздің шығысында және солтүстігінде мектептер карантинге жабылған. Нұр-Сұлтанның өзінде кеше ғана бір білім ордасы сабағын тоқтатты. Айналдырған екі күнде 55 бала короновирус жұқтырған. Сондықтан санитарлық талаптарды қатаң сақтау аса маңызды.
Дарын Сағитов