Түркістанда былтыр салынған көпқабатты 9 үй тұруға жарамсыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда былтыр салынған көпқабатты 9 үй тұруға жарамсыз болып шықты

18.11.2020

Түркістанда былтыр салынып біткен көпқабатты тоғыз үй тұруға жарамсыз болып шықты. Бір қызығы, жауаптылар сапасыз үйді мемлекеттік қабылдаудан өткізіп, тіпті мердігердің ақшасын да төлеп қойған. Ал, баспана алуы тиіс 540 адам тиесілі үйіне әлі күтіп жұр.  

Жылдар бойы баспанасыз жүрген Роза Қиқымбаева екі баласымен қуықтай жерді жалдап тұрады. Жалғыз басты ананың жайлы үйді жалға алуға шамасы жоқ. Тапқан таянғаны шиеттей екі баланы асырауға әзер жетеді.

Роза Қиқымбаева, қала тұрғыны:  
- Тұрып жатқан үйім мынау, қыстыгүні суық болады. Асты бетон. Сонда да амал жоқ 37 мыңымды әрең жеткіземін. 

Роза секілді Түркістанда баспанаға мұқтаж 11 мың адам кезекте тұр. Соның ішінде 540 былтыр баспаналы болуы тиіс еді.

Айнұр Ақбаева, тілші:  
- Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы көпқабатты үйлер көптеп салынғанымен, олардың барлығы бірдей тұрғындарға қолжетімді болмай тұр. Мәселен, Отырар мөлтекауданынан салынған тоғыз үйдің құрылысы өткен жылы аяқталып, қабылданғанымен сапасыз салынған болып шықты. Салдарынан бұл үйлер он бір айдан бері қаңырап бос тұр. 

Сапасыз тоғыз бірдей үйді қабылдап алғандардың қайда қарағаны белгісіз. Кінәлілер тек тәртіптік жазамен құтылды дейді тұрғын үй құрылысы бөліміндегілер. Қазір жеті үй қайта жөнделген. 120 пәтерлі екі үйді әрлеу, әктеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Жандос Тасов, Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: 
- Толығымен жұмыстар аяқталып, 2019 жылы қабылданған. Одан кейін орын алған құрылыс болғаннан кейін сапасы жағынан жылу жүйелері бойынша біраз кемшіліктер болған. Мердігер тарапынан жүргізілген. Алайда осы күнге дейін қалпына келтіру бойынша жұмыстар баяу жүргізіліп отырған. Сол себептен қазіргі уақытқа дейін тапсыру мүмкін болмаған. 

Жөндеуді жұмыстарын шала істеген мердігердің ісі сотқа жолданды. Ал, жауаптылар тоғыз үйдің мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі деп сендірді.

Айнұр Ақбаева


Түркістан көпқабатты үй

Хабарламаларға жазылу