Алматы облысы Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтың дөрекі әрекетін арнайы комиссия қарайды.
Емдеу мекемесін сенімгерлік басқаруға беру туралы жиналыс барысында бас дәрігер тұрғын сауалына дауыс көтеріп жауап беріп, үстелді тоқпақтаған сәті әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап, қоғам наразылығын тудырды. Қазір басшының бұл әрекеті тексеріліп жатыр. Комиссия дәрігердің әдеп нормаларын сақтауын қарайды.
Ләйлім Әубәкірова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:-ҚР Еңбек Кодексінің 64 бабының 1-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтың этикалық нормалары мен кәсіби мінез құлықты сақтау мәселесін қарау туралы комиссия құрылды. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады.
Қуаныш Қанатұлы