Алматыда пандемия кезінде науқастарды емдеген шағын клиника өкілдері санитар мамандардың қызметіне наразы. «Шаңырақ» ықшам ауданында орналасқан күндізгі стационар індет өршіген тұста қайырымдылық қорымен бірлесе тұрмысы төмен тұрғындарды тегін емдеген. Ал санитар дәрігерлер ауру сейілген соң емдеу мекемесіне қомақты айыппұл салды.
Талант Омаров басқаратын бұл шағын клиниканың құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болған. Пандемия кезінде күніне 120-130 науқасқа дейін қабылдаған. Күндіз-түні үй көрмеген мамандар келушілерге аяғынан тік тұрып қызмет көрсетіпті. Науқастардың арасында тіпті өкпесінің 82 пайызы қабынғандар да болған.
Күлихан Сабырбекқызы, клиника қызметкері:
Өте қиын жағдай болды. Жұмыста да қиын болды. Адам көп. Ауырған адамдар. Үйге бармай, осы жерде кезекпен жұмыс істедік.
Алайда қиналған сәтте төбе көрсетпеген санитарлық дәрігерлер шілде айында еш ескертусіз келіп, 600 мың теңге айыппұл салып кеткен.
Талант Омаров, клиника директоры:
Балта шапқандай айыппұл салмай, алдын ала бізге айтып кетсе. Біздің кемшіліктерімізді көзімізге көрсетіп кетсе.
Клиниканы дәрі-дәрмекпен, басқа да қажетті препараттармен қамтамасыз еткен қор жетекшісі Ерлан Нұрпейісовтың сөзінше, Алатау аудандық СЭС қызметкерлері алғаш тексеруге келгенде қандай санитарлық талаптардың бұзылғанын ашып айтпаған.
Ерлан Нұрпейісов, қайырымдылық қор жетекшісі:
Одан кейін тура бір апта өткенде келді. Ол кезде 5 арнайы жасақ сарбаздары, учаскелік инспектор мен екі полиция қызметкерін ертіп келіпті. Бұл не масқара? Ол жерде емделушілер мен дәрігерлерден басқа ешкім жоқ қой?
Пандемия кезінде бұл емдеу орталығында дертіне шипа тапқан жандардың саны мыңдап саналады.
Қазір клиникаға салынған айыппұл толық төленген. Кемшіліктер жойылды. Дегенмен, емдеу орталығының басшысы санитар мамандардың кәсіпкерлерге жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізгені дұрыс еді дейді. Сонда ғана іс алға басып, екінші толқын бола қалған жағдайда індетті бірлесіп жеңіп шығарына сенімді.
Қуан Нұрақын