Шығыс Қазақстанда табиғи апаттан зардап шеккен Жаңа ауыл тұрғындарының шығыны толық өтелді. Жазда толассыз жауған жаңбыр салдарынан Терісайрық өзені арнасынан асып кетіп, Тарбағатай ауданына қарайтын елді мекенде 37 үйді су басқан. Тұрғындар баспаналарын жөндеуге мемлекеттен жәрдем сұрады. Арнайы комиссия табиғи апаттан жалпы сомасы 27 миллион теңгеден астам шығын келгенін анықтады. Суда қалған үйлерді қалпына келтіруге бюджеттен қаражат бөлініп, тұрғындар баспанасын жөндеп алды.
Біржан Солтанғазыұлы, ауыл тұрғыны:30-40 минут шамасына жауған жаңбыр салдарынан үй, қора-жай бәрі суға кетіп, содан Үкіметтен көмекке ақша сұрағанбыз. Комиссия келіп, ақау актісін жасады. Қазір жақсы, өзімізге тиесілі көмекті алдық. Үйімді шама келгенше жөндедім. Іргетасын қайта құйдым, сыртын сыладым, терезелерді ауыстырдым.
Берік Көшербай