Елімізде тұрақты астық қоры құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тұрақты астық қоры құрылады

24.11.2020

Елімізде астықтың резервтік қоры құрылатын болды. «Астық туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліс мақұлдады. Төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң жобасы азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін маңызды құжат. «Пандемияға байланысты сауда-экономикалық байланыстар азайды. Бұл жағдай азық-түлік проблемасына да әсер етеді. Ал, астық мәселесі – ол бірінші кезектегі әлеуметтік сұрақ», - дейді Мәжіліс төрағасы. Қорда кем дегенде 500 мың тонна астық сақталады.

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
-Оның есебі халықаралық ұйымның ұсынысына негізделіп, есептелген. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 2 айлық минималды астықтың қоры.

Қор ішкі нарықты қамтуға және бағаны тұрақтандыруға жеткілікті, - дейді министрлік өкілі. Резерв төтенше жағдай енгізілген кезде халықты азық-түлікке қажетті астықпен қамтамасыз етуге жетеді. Айта кетерлігі, биыл 21 млн тоннадай астық жиналды. 7,5 млн тоннадай бидай мен ұн экспортқа шығарылады. Сонымен қатар жаңа заңда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының» мәртебесі мен рөлі нақтыланған.  


Дарын Сағитов 


астық қоры Мәжіліс

Хабарламаларға жазылу