Түркістан облысында өкпені жасанды желдету аппараттарының саны көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында өкпені жасанды желдету аппараттарының саны көбейді

24.11.2020

Түркістан облысы жасыл аймақта болғанына қарамастан, екінші толқынға дайындық шараларын күшейтті. Өңірдегі эпидемиологтар мен инфекционист дәрігерлер Zoom арқылы тәжірибе алмасып, медбикелер арнайы оқу-сабақтарынан өтіп жатыр.  

Сарыағаш ауруханасында тыныс алу аппараттары көбейтіліп, инфекциялық бөлімшеде отыз төсек орын дайындалған. Қазір мұнда күнделікті Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өткен жолаушылар жеткізіліп, тәулігіне қырыққа жуық адамнан сынама алынуда.   

Нұржігіт Жартаев, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Жазда ауырып, ем қабылдадым. Халықта үрей болғаны рас. Өзіміз де көрдік. Сол кезең өткен кезде аппараттың жетіспеушілігі болды. Бүгінгі күні ол үрейдің бәрі сейілген секілді. 

Пандемия кезінде тәулігіне 250-дей оттегі балонын Шымкенттен тасымалдаған мамандар енді ол қиындықтар артта қалғанын айтады. Ауруханаға орнатылған оттегі станциясы қазір бір емес үш ауданның ауруханасын қажетті көлемде оттегімен қамтамасыз етіп отыр.  

Азамат Субанов, Сарыағаш аудандық ауруханасының бас инженері: 
- Сағатына елу кубтық және жүз жиырма нүктеге оттегі жеткізеді дер кезінде. Қосымша сағатына бес балон шығарады. Бізге жақын Сарыағаш ауданы мен Қазығұрт ауданы тегін тасымалдайды.  

Шалғайдағы Шардара ауданында да ауылдық емханалар қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтылған. Ал, орталық ауруханада оттегі концентраторлары жаңартылып, тыныс алу аппараттарының саны көбейген. 

Бақытжан Ахметов, Шардара аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі: 
- Алғашқы толқында науқастарды емдеп, біраз тәжірибе жинақтаған соң бірінші дайындығымыз сол болып тұр. Екінші, дүниежүзілік сосын денсаулық сақтау минирлігі тарапынан берілген түрлі нұсқаулықтар әдебиеттерді пайдаланып, қазір білімдерімізді арттырып отырмыз. 

Облыста пандемия басталғалы 3 500-ге тарта науқас індет жұқтырды. Ал, соңғы тәулікте екі адам ауруханаға жатқызылып, ауру белгілері байқалмаған 31 адам амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда. 

Айнұр Ақбаева 



Түркістан облысы өкпе жасанды желдету аппаратты

Хабарламаларға жазылу