Әлемде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бірқатар елдер карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Францияда осы аптада сауда-саттық орындары демалыс күндері де жұмыс істей бастайды. Ал Ұлыбританияда үш отбасына бірігіп Рождествоны атап өтуге рұқсат берілді.
Франция карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Енді Рождествоға дейін әр сенбіде дүкендер ашық болады. Ал желтоқсанның 15-нен ел аумағында еркін жүріп-тұруға рұқсат. Дегенмен, кешкі 9-дан таңғы 7-ге дейінгі коменданттық сағат әлі де сақталмақ.
Брюно Ле Мэр, Франция қаржы министрі:-Франция халқы шектеулерге жауапкершілікпен қарады. Вирустың таралуын тежедік, экономикаға да зор шығын келмеді. Алғашқы локдаунда экономикалық белсенділік 30 пайызға қысқарған еді. Осы жолы тек 10 пайызға төмендеген.
Христиандардың діни мерекесіне дейін қатаң тәртіпті бәсеңдетуді Ұлыбритания мен Австралия да жөн көріп отыр. Біріккен Корольдік коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада алда келеді. Дегенмен, мерекені атап өту үшін бір үйде үш отбасы мүшелеріне жиналуға рұқсат.
Ал Австралияда ашық ауада 50 адамға дейін бас қосып, той тойлауға мүмкіндік бар. Бразилияда коронавирус жұқтырғандар саны 6 миллионнан асты. Вирустың өршуіне қарамастан, сегіз ай жабық болған мектептер қайта ашылды.
Хьюго Рибейро, білім басқармасының маманы:-Әр оқушы аптасына екі күн мектепке келіп сабақ оқиды. Басқа күндері оқу онлайн өтеді. Балалардың сыныпта бірге отырып, білім алуы өте маңызды. Сондықтан осындай шешім қабылданды.
Ал Ресейде де жаңа рекорд. Өткен тәулікте «ковидтен» 507 адам көз жұмды. Дегенмен, тәуліктік науқастар саны 23 мыңға дейін азайған. Ел билігі карантин талаптарын күшейтуге әзірге негіз жоқ деп отыр.
Жансая Қапасқызы