Таразда көпқабатты 350 үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда көпқабатты 350 үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр

25.11.2020

Тараз қаласы жылыту маусымына дайын болмай шықты. Себебі, қаладағы 350 көпқабатты тұрғын үйде мардымды жылу жоқ. Қыс түскенде дірдек қаққан жұрт Ұлттық арна тілшісіне шағымын жеткізді.     

Әмина Өскенбаева қыс басталғалы үйде қос қабат көрпе оранып жатуға мәжбүр. Жылыту құралдарын қосқанмен пайда жоқ. Таңға жуық үйдің іші тіптен ызғар тартып, суып кетеді дейді.  

Әмина Өскенбаева, қала тұрғыны:  
-Үйдің жылуына не үшін ақша төлеп жатқанымызды білмейміз, батареялар таңға дейін өшіп, мұздай болып тұрады.

Облыс орталығындағы 350-ге жуық көп қабатты тұрғын үйдегі жағдай осы. Пәтер иелері кооперативтері жылыту маусымына дейін тиісті жұмыстардың бәрі атқарылды дейді. Олар жылумен қамтып отырған компания шығын көлемін азайту үшін әдейі жасап отыр деп күмәнданады. Өйткені мекеме жекеге өткелі тұрғындардың шағымы көбейген. 

Үрзада Тәжібаева, пәтер иелері кооперативінің басшысы:    
-Бізден ешқандай кінәрат таппады. Сонымен екі бригадир қосылып, Арайға кіріп тұрған магистральді көреміз деді. Келіп тұрған жылу жүйесінің қайту жолын қысып тастаған. 

Ал, әкімдік өкілдері күні кеше көп қабатты үйлердің құбырындағы қысымды тексерген. Айтуларынша, жылу барлық үйге тиісті мөлшерде берілген.    

Құдайберген Қорғанбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: 

-Кейбір үйлерде тиісті қысым мен сығымдау жұмыстары, одан кейін үйдің ішіндегі жылу тарату құбырларының промывкасы дейміз кейбір үйлерде қалып кеткен. Зерделеу кезінде көз жеткізген болатынбыз. 

Осылайша екі тарап кінәні бір-біріне артып, қарап отыр. Ал, қыстың көзі қырауда бүрсең қаққан тұрғындар енді қайда барып шағымданарын білмей дал.  

Сәбит Әлдебай 

Тараз көпқабатты үй жылу

Хабарламаларға жазылу