Коммуналдық төлемге қызмет сапасы сай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коммуналдық төлемге қызмет сапасы сай ма?

25.11.2020

Коммуналдық төлемге қызмет сапасы сай ма? Биыл заңды және жеке тұлғалардың арызы бойынша монополист компанияларға 66 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Басым көпшілігінде кінәлі болып шықты. Оларға 1 млрд 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Алайда, мәселе жетерлік.   

Тұз ғана емес, тас қоқымы да ыдыстың түбіне тұнып қалады. Ал асқазанға жиналса не болмақ? Су ысыту қондырғысынан шыққан мына қалдыққа қарап жағдайды бағамдай беріңіз. Елорда іргесіндегі қосшылықтар бұл қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Бірақ, сапа арттырамыз деп тариф көтергенде халықтың көргені осы ма? 2015-2021 жылдар аралығында сумен қамтуға 122 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылыпты. Демек, сұрауы бар сома.  

Ерболат Ибрайханов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары: 
-Табиғи монополиялар субьектілері сапалы қызмет көрсетуі керек. Ал оны көрсетпеген жағдайда біздің ғана орган емес сан-эпид қызмет және тұтынушылар құқын қорғау комитеті осыларға жүгіну керек. Бұл фактілер қай өңірде болып жатқанын біз бақылауға аламыз.  

Ал ел бойынша суға ең көп төлейтін Маңғыстау өңірі. Текше метрі 200 теңгеге жуық. Себебі, теңізден тұшытып бергені үшін қымбат. Бірақ, сапасы сын көтермейді,-дейді тұрғындар.  

Бір қуантарлығы алдағы жылы коммуналдық төлемдер құны өспейді. Биылғы баға сақталады. Бірақ, негізі 15,5 пайызға қымбаттауы керек-тін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тек 0,5 пайыз болды. Сөйтіп, 2019 жылмен салыстырғанда жылу – 3,1 пайызға, сумен жабдықтау – 0,2, су бұру – 1,2 пайызға төмендеді. Тек энергия – 5 пайызға өсті. 

Нысаналы Ығыл, Аягөз Оралбайқызы


Коммуналдық төлем

Хабарламаларға жазылу