Павлодарда автобус иелері қызмет көрсету ақысын арзандатуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда автобус иелері қызмет көрсету ақысын арзандатуды талап етті

26.11.2020

Павлодарда жолаушы тасымалдайтын автобус иелері қызмет көрсету ақысын арзандатуды талап етуде. Кеше түс ауа қаладағы №1 автопарктің 25 көлігі өз бағыттары бойынша жұмысқа шықпады. Ал бүгін 11 маршурт бойынша жүретін автобустардың 60 пайызы ғана қатынап жүр. Наразылық білдірген автобус иелері өздеріне белгілі бір мөлшерде еңбекақы төлеуді немесе мемлекеттік мекемеге күн сайын беретін арендалық төлемді азайтуды сұрайды. Ал жергілікті билік өкілдері бағаны арзандату тиімсіз екенін айтады. 

Асылбек Ұрқымбаев, автобус жүргізушісі:
Студенттер мен оқушылар жоқ қазір қалада. Еңбек ұжымдары өз жұмысшыларын қашықтықтан жұмыс істеуге жіберді. Жолаушы аз. Сенбі, жексенбі жұмыс істемейміз. Бұл мәселе карантин енгізілген наурыз айында басталған. Осы күнге дейін шыдадық. Енді ақша таппаған соң басқа амал қалмады. Автобустарды тоқтаттық.

Игорь Рыбас, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
Егер арендалық төлемді тағы азайтатын болсақ, автопарктің жөндеу бригадасы еңбекақысыз қалады. Өйткені бұған дейін екі рет төмендетілген. Автобустардың көбі электр энергиясымен жүреді. Оны осы автопарк қуаттандырады. Және жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін автобус иелеріне субсидия беріліп отыр. Ал, мәселені түбегейлі шешу үшін экономикалық тұрғыдан нақты есеп жасалынады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу