Білім және ғылым министрлігінің шешімімен білім беру лицензиясынан айырылған Шымкенттегі халықтар достығы университеті жұмысын қайта жалғастырады. Университет басшылығының аппелляциялық шағымын қараған сот осындай шешім шығарды. Биыл министрліктің тексеру тобы университет жұмысында 40 түрлі кемшілікті анықтаған. Оны жоюға 5 ай уақыт бергенімен 4 олқылық сол күйі қала берген. Яғни, студенттерді оқуға қабылдау ережесі бұзылған. Оқу процесі өз деңгейінде жүрмеген. Ең сорақысы, осыны естіген соң 100-ден астам студент университеттен құжаттарын кері қайтарып алған. Оқу ордасының басшылығы мұндай жағдай министрлікке қарасты білім мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің шалағай тірлігінен орын алып отыр деп есептейді.
Рабиға Қуатбекова, Ә. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің ректоры:-Комитет төрағасының орынбасары Жұмашев Ғалымжан процесс әлі аяқталмаған және сот аппеляциялық тәртіпте шешім шығармаған кезде университет лицензиясынан айыру туралы ақпаратты мерзімінен бұрын жариялаған.
Ал тап осындай тексерістен соң жұмысынан кемшіліктер анықталған М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясы сот шешімімен лицензиясынан айырылды. Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты министрліктің шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Ғани Қалмаханов