IX Азаматтық форумда 650-ден астам ұсыныс айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

IX Азаматтық форумда 650-ден астам ұсыныс айтылды

27.11.2020

5 күнге созылған IX Азаматтық форум мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша 650-ден астам ұсыныс іріктелді. Биыл шараға шалғай аудандардағы үкіметтік емес ұйымдар да қатысты. Онлайн форматта өткен форум биыл «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» тақырыбын арқау етті. 

Биылғы форумды ұйымдастыруға үкіметтік емес ұйымдар атсалысты. Дәстүрлі шараға қоғамның ынтасы жыл санап артып келеді. Мәселен, интернет кеңістігіндегі 40-қа жуық диалог алаңы кең аудиторияны қамтыды. Әркім ой қосты, пікір алмасты. Азаматтық қоғамның ынтымағын көздеген ел ғана жетістікке жетеді, - дейді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: 
-Тәуелсіздік жылдарында елімізде азаматтық қоғамның орнығуына Елбасы Н.Назарбаев өлшеусіз еңбек сіңірсе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы игілікті жолды жалғастырып, ҮЕҰ белсенді қызмет атқаруына жол ашып отыр. Сондықтан біз азаматтың, қоғамның және мемлекеттік өзара үйлесімді, өрелі өмір сүруіне мейлінше мүмкіндік беруіміз керек. 

Форумға қатысқандар мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесуге мүмкіндік алып, ашық тілдесті. Осындай 12 кездесу өтті. Жалпы шара қорытындысы бойынша 650-ден астам ұсыныс қаралды. 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:  
-Таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін интернет платформалары жұмыс істеді. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары кеңінен қатысып қана қоймай, нағыз әріптестікке дайын екендіктерін шынайы көрсете білді. 

Кезекті форум жемісті болды, - дейді министр. Ортақ жұмыс үшін мүмкіндіктер жалғасын табады. Сайып келгенде, елдің жарқын болашағы мен қарқынды дамуы ортақ мүдде болып қала бермек. 

Дарын Сағитов


Азаматтық форум ұсыныс

Хабарламаларға жазылу