Талғар қаласында 600 отбасы жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар қаласында 600 отбасы жылусыз отыр

27.11.2020

Алматы облысының Талғар қаласында 13 көпқабатты үй тұрғындары жылусыз отыр. Себебі дәл осы үйлерге модульды қазандық орнатып жатқан кәсіпорынның жұмысы белгіленген мерзімнен кешігуде. Аудан басшылары бұл мәселеден құлағдар. Алайда құрылысты жылдамдатуға ықпал ете алмайды. Өйткені бұл инвестициялық жоба. Мердігер қазандықтарды өз қаржысына қойып жатыр.  

13 көпқабатты үйде 600-ден астам пәтер бар. Демек, осыншама отбасы бүрсең қағып, электр пештерімен күнелтуде. Арасында амалсыздан алақандай бөлмені паналап отырған көпбалалы отбасылар да жоқ емес. Жылуға зәру талғарлықтардың ішінде отбасылық жатақхана тұрғындары да бар. 

Алма Намысбаева, Талғар қаласының тұрғыны:
-Балаларымыздың алды ауырып, тұмауратып жатыр. Отырғанымыз мына пеш. Пешке ақша төлейміз ай сайын. 18-20 мыңнан төлейміз. Күндіз де жағамыз, түнде де жағамыз. 

Өз қаржысына қазандық орнатып жатқан кәсіпорын басшылары жұмыстың кестеден кешігуін биылғы індеттің кесірі деп түсіндіруде. Карантин салдарынан құрылыс материалдары уақытылы жеткізілмей қалған. 

Асқар Шамаев, Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Инвесторлармен қазір сөйлесіп отырмыз. 11 БМК-ның төртеуін келесі аптада жылуды жібереміз деп отыр. Қалған жеті БМК-ны 10 желтоқсанға дейін толығымен бітіріп жылуды жібереміз деп уәде беріп отыр.

Модульдік қазандықты орнатқанымен, шаруаның шешіле қою екіталай. Өйткені бұл көпқабатты үйлердің жылу жүйесі ондаған жылдар жөндеу көрмеген, дейді тұрғындар. Сондықтан жылу берілген күннің өзінде қыста машақаты көп болмақ сыңайлы.  

Қуаныш Қанатұлы


Талғар жылу Алматы облысы

Хабарламаларға жазылу