Елбасының елдік мүдде жолындағы әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады. «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Жиынға жаһанға белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жоғары Палата спикері Тұңғыш Президенттің мемлекет қалыптастырудағы маңызды шешімдеріне тоқталды. Егеменді елдің шекара мәселесін шешіп, халықаралық құжатпен бекітті. Ата Заң қабылданды, билік тармақтары қалыптасып, қос палаталы кәсіби Парламент құрылды. Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі жасақталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Тарихты тарлан тұлғалар жасайды деген сөз бар. Шын мәнінде Елбасының елдік мүдде жолында қабылдаған әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады. Елбасы ұлттық тұтастықтың кепілі ретінде батыл шешімдер қабылдауда қаймыққан жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаздық пен жаңашылдықты тоғыстырған осындай стратегиялық қадамдары сыртқы саясатта да аз болмады.
Соңғы онжылдықтардағы маңызды сәттердің бірі – Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасының бұл батыл қадамы - аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтты дейді.
Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы:-Барлық жаһандық көшбасшыларға ядролық қарудан толығымен азат болатын әлемді құруға жәрдемдесуде күш-жігерін қайта жандандыруға шақырамын. Елбасы Назарбаевқа сол тарихи шешімі үшін, сондай-ақ Қазақстанның жарқын әлемді құруға көмектесу жолында жалғасын тауып жатқан күш-жігері үшін зор ризашылығын білдіремін.
Абдулла Гүл, Түркия республикасының бұрынғы президенті:-Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев мырза Тұңғыш Президент ретінде қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді. Тұңғыш Президент ретінде ол шекаралары шегеленген, тұрақты және сенімді мемлекет құрды. Орталық Азияда тұрақты даму мен өрлеуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, Түркі әлемін жүрегімен сезініп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет еткен қайраткер.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің айтуынша, елдің табысы мен тұрақтылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының жемісі. Егемендік жылдардағы жас мемлекеттің қарыштап дамуы – Қазақстанның зор жеңісі.
Тони Блэр, Ұлыбританияның экс-премьер-министрі:- Егер аймаққа және соңғы 30 жылда басқа елдер тап болған барлық қиындықтарға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан өзінің салған жолын және алдағы уақытта нық сеніммен қадам басар жолын мақтан ете алады деп ойлаймын. Осының бәріне қолжеткізу үшін үлгілі көшбасшылық қажет болды, сондықтан оған өз құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе.
Елбасының кемеңгер шешімдерінің бірі - астананы Арқа төсіне көшіру. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл батыл қадамды тәуелсіздіктің бір тұғыры деп атады. Әрі дінаралық келісімді нығайту арқылы, жаһандық сын-қатерлерге тойтарыс берді. Тұңғыш Президентіміздің Еуразиялық интеграцияны дамытуға қатысты жаңашыл қадамдары ХХІ ғасырда жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің берік негізі ретінде қызмет ете бермек.
Дарын Сағитов