Өткен демалыс күндері жылусыз қалған Павлодар қаласының тұрғындары сол екі күн үшін жылуға ақша төлемейтін болды. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптаның жұма күні кешкісін шаһардың оңтүстік бөлігіне жылу беретін 1-ші орталыққа қарасты құбыр тесіліп, 440 үй және 36 әлеуметтік нысан қарашаның қара суығында жылусыз қалған. Апат орнына облыс әкімі барғаннан кейін ғана дереу шешім қабылданып, бұл нысандар 2-ші және 3-ші электр орталықтарына қосылды. Ал, жөндеу жұмыстары бір тәуліктен кейін аяқталды. Қазір қала жылумен толық қамтылып отыр.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:-Төтенше жағдайға жауапты құрылымдар тегіс жұмылдырылып, жылу желісі толық жөнделгенше қызмет көрсетті. Негізі жылу маусымы аяқталғанша осындай режимде жұмыс істеу керек. Ақау шыққанға дейін оның алдын-алуды қамтамасыз еткен жөн. Кезекші диспетчерлерініз жұмысты ширатсын.
Болат Аманбаев