Алматы облысында індеттің екінші толқынына дәріханалар да жан-жақты дайындалуда. Дәрі-дәрмек қорын толықтырудан бөлек, дәріханалар медициналық қызмет көрсетуге лицензия алып, науқастарды қабылдап, ем-дом жасауға кірісті. Жаркент қаласында осындай тәжірибені енгізудің арқасында аудандық аурухана мен емханаларда адам саны азайып, індеттің таралуына жол берілмеуде. Сондай-ақ мұндай дәріханада орта буын медицина мамандары тұрақты жұмыспен қамтылады. Науқастардың тамырына ине салып, қан қысымын өлшеп, басқа да алғашқы медициналық көмек көрсетілуде.
Захидам Умарова, дәріхана меңгерушісі:Біз таңғы 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істейміз. Бұл стационарда емделетін тұрғындарға өте қолайлы. Себебі ауру күндіз бе, түн бе, уақытқа қарамайды. Қазір кішкентай балаларды да қабылдап, қажетті емдік шараларын жүргізе бастадық. Бұл біздің індеттің бірінші толқынынан алған сабағымыз.
Қуаныш Қанатұлы