Алматыда қыркүйек айынан бері 133 оқушыдан коронавирус табылған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 125 бала – қашықтан оқып жүргендер. Тек 8 оқушы кезекші топтарда білім алған. Оның алтауы – жекеменшік оқу ордасының шәкірттері.
Кезекші топта оқитын оқушылардың күнделікті әдеті бұл. Мектеп медбикесі кіреберісте әр баланың дене қызуын өлшейді. Шәкірт антисептикалық құрылғымен қолын тазалауы тиіс. Содан кейін ғана сыныбына өтіп, білім алуға кіріседі. Шаһардағы мектептерде карантин талаптары қатаң сақталады.
Гауһар Манекеева, «Жаңа ғасыр» №175 гимназия директоры:-1-5 сынып аралығында кезекші сыныптар құрылып отыр. Дәстүрлі оқыту мен онлайнның айырмашылығы бар. Мұғалім оқушыға қолы жетуі қиындау. Үйінде отыр. Әкімшілік бәрін бақылауда ұстап отыру керек.
Қазіргі уақытта оқушылардың 94%-ы қашықтан оқып жатыр. Ал 145 мектепте 15 488 бала үшін 1211 кезекші топ ұйымдастырылған. Бұл сыныптар үшін арнайы талаптар бар. Әр топта 15 баладан артық болмау қажет. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Үзіліс әр сынып үшін әр уақытта соғылады. Маскаларды кию режимін сақтау міндетті. Десе де, 1 қыркүйектен бері жүзден астам оқушыдан вирус табылған.
Ақмарал Айтуарова, қалалық білім басқармасы жалпы орта білім бөлімінің басшысы:-Вирус анықталған уақытта сынып карантинге жіберіледі. Түгел қашықтан оқытуға кетеді. 2 рет ПТР-тест тапсырады. Көбісі кезекші сыныпқа қайтып келген жоқ. Қашықтан оқуға қалды.
Мегаполистегі эпидахуалды ескерген білім басқармасы оқушы мен мұғалім қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарында ұстап отыр.
Жазира Оразқызы