Ресейде бір күнде 29 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл – елдегі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш. Пандемия басталғалы дерттен 43 мыңдай адам көз жұмған. Сенбі күні 70 шақты емханаға ресейлік вакцина жеткізіліп, халыққа таратыла бастады. Эпидахуал ушығып тұрған Мәскеуде 7 миллион тұрғынға екпе егу жоспарланып отыр. Процедура тегін болады.
Ұлыбритания да ковидке қарсы жаппай вакцинацияға дайын. Елге «Файзер» және «Байонтек» препаратының алғашқы партиясы жеткізілді. Ол алдымен егде жастағылар мен медицина қызметкерлеріне салынбақ.
Францияда инфекция бір күнде 11 мыңдай адамнан анықталды. 3200-ден астам науқастың халі ауыр. Айта кетсек, ел билігі желтоқсанның 15-не дейін тәуліктік науқастар саны 5 мыңға дейін азайса, шектеу шараларын жеңілдететінін хабарлаған-ды.
Ал Оңтүстік Кореяда 3 аптаға карантин талаптары күшейтіледі. Мұнда бірнеше күн қатарынан індетке шалдыққандар саны 600-ден азаймай тұр. Сондықтан әлеуметтік қашықтықты сақтау деңгейі арттырылмақ.
Жансая Қапасқызы