БҚО-да киіктердің саны 60 пайызға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да киіктердің саны 60 пайызға өскен

07.12.2020

Киікті қынадай қырғандар азаяр мес. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында биыл дала кербездерін аяусыз жусатып салған 8 адам түрмеге тоғытылды. Отыз жеті қылмыстық іс қозғалған. Түздегі жануарды қысы-жазы көзден таса қылмайтын мамандар күйек кезінде арнайы рейдке шықты. Рауан Диәли тарқатады. 

Жайықтың оң жағын еркін жайлаған ақбөкеннің қарасы қалың. Былтыр 217 мың болса, биыл мыңдаған жас төл қосылды. «Осы жылы санақ жүргізілмесе де, киктердің өсімін анық аңғаруға болады», - дейді мамандар. Күйек кезеңінде қазір жануарлардың дені Қазталов пен Жәнібек аудандарының аумағында жатыр. 

Жандос Абылханов, мемлекеттік инспектор:
Қатты қар түссе, Орда жағында Қызыл құм деген бар, жылы жаққа қарай кетеді.

Түз жануарын 3 жылдан бері түгендеп жүрген Жандос Абылхановтың тобы тәулігіне 200 шақырым жол жүріп, 40 мың гектар аумақты бақылайды. Мұндай жасақтың қазір бұл маңда бесеуі жүр. Олар сайын даланы кезген мыңдаған ақбөкенді қаскөйлерден қорып, емін-еркін жайылуын қадағалайды. 

15 күн бойы иен далада киіктердің соңында жүрген инспекторлар жылжымалы үйшікті паналайды. Алты адам үшін аядай бөлме тарлық ететін. Автономды станцияның арқасында бұл мәселе де шешілді. Қазір мұндай жайлы нысан қос ауданның шегінде орналасқан. 

Арман Қожахметов, «Охотзоопром» РМҚК Батыс Қазақстан облыстық филиалы директоры:
Қазақстан бойынша пилоттық жоба. 

Тілші: Толықтай жарақталған станцияа түз тағысына қырғидай тиетін браконьерлерге тосқауыл болмақ. Биылдың өзінде қылмыскерлерден 2 мыңнан астам киік мүйізі тәркіленді. 

Арман Ізімғалиев Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының жетекші маманы:
Облыс аумағында киіктерді заңсыз ату, олардың дериваттарын заңсыз тасымалдау бойынша 37 қылмыстық іс тіркелді. 8 адам 2 жылдан 6 жылдан бас бостандығынан айыру және шектеу жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.

Ақбөкендерді қорғау үшін «Бөкейорда» табиғи резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалын құру көзделген. Қазір бұл мәселе Экология министрлігінің қарауында.

Рауан Диәли

Хабарламаларға жазылу