Ұлыбританияда 90 жастағы әже Pfizer вакцинасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда 90 жастағы әже Pfizer вакцинасын қабылдады

08.12.2020

Ұлыбританияда 90 жастағы әйел әлемде бірінші болып, «Файзер» компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын қабылдады. Маргарет Кеенанға екпе орталық Англияның «Ковентри» госпиталінде салынған. Осылайша корольдікте бүгін халықты жаппай вакцинациялау басталып отыр. 

Бұл науқан дүниежүзінде 1,5 миллионнан астам адамның өмірін қиып, талай елдің экономикасын күйреткен пандемияның бетін қайтарады деген үміт бар. 

Ал АҚШ-та ковид эпидемиясы кесірінен жұмыстан айрылған миллиондаған адам азық-түлік банктерінен тегін тамақ алу үшін ұзынсонар кезекте тұр. Қайырымдылық қорларының дерегінше, пандемия басталғалы осындай көмекке зәру америкалықтар қатары 60 пайызға өсіп, наурыздан бері 4 миллиард 200 миллион тағам таратылған. 

Айта кетсек, Құрама Штаттарда коронавирусты 14,7 миллион адам жұқтырып, 280 мыңнан астамы қайтыс болды.

Арыстан Рысбек

коронавирус вакцина

Хабарламаларға жазылу