Жаңадан құрылған қайырымдылық ұйымдарына жеңілдетілген несие беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлармен өткен форумда Үкіметке арнайы тапсырма беріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін қажет қадамдарды атап өтті. Кездесуде волонтерлар да өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы қозғалысты тежейтін қиындықтарға да тоқталып өтті.
Осыдан тура 12 ай бұрын «Еріктілер жылы» ресми ашылған еді. Бұл он екі айдың оңай болмағаны анық. Волонтерлардың қалыпты күнделікті жүгінің өзі жеңіл емес. Ал пандемия қауіппен қоса жауапкершілікті де арттырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Осындай еңбектің арқасында пандемияны да еңсеріп келеміз. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Бұл – нағыз ерлік! Сендерді мақтан тұтамын.
Ал енді он екі айдағы жұмысты сандармен сараласақ: биыл тұрақты волонтерлар саны 2 есеге артып, 100 мыңнан асқан. Ал пандемиямен күреске 500 мыңнан астам адам атсалысқан екен. 1 жылда жалпыұлттық жобалар аясында 7 бағыт бойынша 18 қолдау орталығы, 6 мың дайындық орталығы ашылды. Осы уақыт аралығында 2 мыңнан аса шара өтіп, 1 млн адамға көмек көрсетілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:- Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Сондықтан, Волонтер жылының дәл биыл өтуі уақытылы және орынды болды деп санаймын.
Дәл осы жылы елімізде қоғамдық бақылаушы және эколоволонтер деген терминдер пайда болды. Сөз жүзінде ғана емес. Белсенді жастар экология бағытында біраз жұмыс атқарған.
Богдан Петров, эковолонтер:-Волонтерлермен бірге Петропавлдың ластанған жерлерін анықтадық. Қоршаған ортаны қорғауға үндейтін арнаулы тақтайшалар пайда болды. Ең бастысы, осы жобамыздың арқасында эко-мәдениетті насихаттайтын адамдардың саны артты. Ал республика көлемінде 10 мың волонтердің қатысуымен 75-тен аса экоакция өткен.
Нәтиже жоқ емес. Алайда атқарылуы тиіс шаруа да баршылық. Мәселен, форумда сөйлеген волонтерлар жануарларды қорғау бойынша заңдағы шикілікті көтерді. Президент те мұны мойындап отыр. Жануарларға көрсетілетін қатыгездікті болдырмау үшін заңнама әзірленіп жатқанын атап өтті. Тағы бір мәселе: қайырымдылық қызметке жүйелі түрде қолдаудың аздығы. Волонтерлық ұйымдардың заңды мәртебесі де жоқ. Сондықтан Президент пәрменімен «Қайырымдылық туралы» арнайы заң әзірленіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Еріктілер ұйымдарына жүйелі қолдау көрсетіп, оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажет. Биыл атқарылған игілікті істер осы жылмен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Жақсы іс әрдайым жалғасын табуы керек. Осы орайда, еріктілікті дамытудың жол картасын әзірлеу маңызды. Сондай-ақ, еріктілерді даярлауға арналған бағдарлама қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұйымдар аяққа тұрып кетуі үшін жеңілдетілген несие берілуі тиіс деп санайды. Сондай-ақ бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларды қайырымдылық жобаларға тарту үшін мемлекеттік қолдауды енгізген жөн. Игі іспен айналысатын бірлестіктерге қаржылай көмекті ұлғайту керек. Ал қаржы жөнсіз жұмсалмауы үшін қайырымдылық ұйымдардың реестрін енгізу ұсынылды. Яғни,кез келген адам олардың қызметімен де, шығынымен де таныс бола алады. Осылайша, қайырымды жандар қаржыны тек сенімді ұйымдарға аударады. Яғни, игіліктің кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік туады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын.
Волонтерлық жастардың ғана ісі деген жаңсақ пікір бар.Бұл таптаурынды бұзған теміртаулық Бірлік Ордабаев зейнетте болса да қоғамдық өмірде белсенді.
Бірлікбай Ордабаев, волонтер:-Жұрт мені әзілдеп «волонтерлардың ақсақалы» деп атайды. Данышпан Абай қартайған шағында енді қалған өмірімізді қайтіп өткіземіз деп, терең ойға түскен екен. Сол сияқты мен де ел бағуға, мал бағуға қайрат керек, одан да қалған өмірімде жұртқа жақсылық істейін деп, ол үшін бір тиын да алмайын деп шештім.
Қазақстанда волонтерлық қозғалыстың дамуына халықаралық ұйымдар да көп үлес қосты. БҰҰ атынан әлем еріктілері бағдарламасының өкілі бейнеқұттықтау жолдап, алғыс айтты.
Қиындыққа, қайырымдылыққа, күдік пен үмітке толы «Волонтер жылы» да аяқталуға жақын. Алайда мейірім мен ізгі істер тоқтайды деген сөз емес. Санаулы күннен соң ел болып Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор. Баршаңызға шынайы алғысымды айтамын.
Альбина Әшім