Қарағанды облысының Жезқазған қаласында апатты үйлердің мәселесі өткір тұр. Қазір шаһарда мұндай 20-дан астам үй бар. Жергілікті билік бес жылдық жоспар қабылдап, қауіпті баспаналардағы тұрғындарды көшіруді қолға алған. Алайда жобадағы ұсыныстар көпшіліктің көңілінен шықпай отыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:-Жезқазған қаласында 26 апатты үй бар. Соның 17-і мүлде тұруға жарамсыз. Апатты үйлердің алды осыдан 10 жыл бұрын анықталса да, оларда барар жері жоқ тұрғындар амалсыз тұрып жатыр. Мәселен мына Абай көшесіндегі 61-ші үйдің де қабырғасы қақырап, қақ ортасынан бөлінгелі тұр.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған бұл үйдің қабырғасындағы жарықтар күн сайын ұлғайып барады. Едені де түсіп кеткен. 2-ші топтағы мүгедек Гүлжан Ахметованың отбасы осындай жерде тұрып жатыр.
Гүлжан Ахметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:-Жазда айтқан үй береміз деп. Ешқандай процентсіз деді. Соған сеніп құжаттарымызды тапсырдық. Қазір құжатсыз отырмыз. Енді компенсация береміз дейді. Ол 3 миллион 500 мың теңге. Ол үй алуға жетпейді. Табысымыз аз.
Жергілікті билік болса, 2025 жылға дейін құлағалы тұрған үйлердің тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіруді қолға алған. Биыл 9 үйдегі 68 отбасын қауіпсіз жерге көшіруді көздеген. Соның ішінде 63 жанұяға пәтер орнына өтемақы ұсынылған. Алайда ол сома тым аз деп отыр апатты үйдің иелері.
Алиса Сағымбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:-Пәтер иелеріне реквизиция жасалғанда тек нарықтық құнын береді. Расында ол ағаштан салынған үйлер көбісі. Олардың нарықтық құны ең төмен болады. Қазақстан республикасының тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес көшірсек ол үйлерде бізде жеке меншікке беруге қарастырылмаған. Тек жалға беріледі.
Сайып келгенде жергілікті билік тарапынан жасалған екі ұсыныс та тиімсіз,- дейді тұрғындар. Жалдамалы баспанаға да барғылары келмейді. Өтемақы да мардымсыз. Базынасын айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Алайда өзгеріс жоқ.
Руслан Нұрланұлы