Зейнетақы қорынан баспанаға немесе емделуге деп алуға болатын қаржы ешкімнің қолына берілмейді. Бүгін осы жобаның бірыңғай операторы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ақшаның бір бөлігін алудың алдын ала ережесін түсіндіріп берді. Ол қалай жүзеге аспақ? Өтінішті қашаннан бастап береміз? Қордағы ақшаны алу неге әкеліп соғуы мүмкін? Жауаптылар мен сарапшылардың пікірін тілшіміз айтады.
Досжан Маратұлы, тілші:-Зейнетақы қорындағы қаржысына көшіліктің үміт артып жүргені анық. Бірі жиналған ақшасын түгендеп, енді бірі өтініш беретін күнді асыға күтіп жүр. Өйткені жалақысынан жырып жинаған теңгесін пәтер алуға немесе емделуге жұмсағысы келетіндер аз емес.
Ал қордағы ақшаны үлестіруге – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жауапты. Бірыңғай оператор жариялаған алдын ала ережеге сай, қаржыны мына мақсаттарда алуға болады.
Пәтер алуға, алғашқы жарна мен ипотекалық несиені төлеуге, жер алуға, үй салып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және емделуге. Өтініш ЭЦҚ-арқылы Egov сайтында онлайн беріледі.
Жансұлтан Матаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры:-Азамат жаңағы айтып кеткен мақсаттардың бірін таңдап, соған қажетті соманы көрсетіп, өтінім береді. Өтінім берген кезде онлайн форматта оған қосымша мақсаттылығын растайтын құжаттарды тіркейді. Ол құжаттар әр мақсат бойынша қандай керек екені жасақталып жатыр.
Өтініш 5 күнге дейін қаралады. Құжатыңыз дұрыс болса, құрылыс жинақ банкінен шот ашылып, ақша сонда түседі.
Жансұлтан Матаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры:-Ақша қолға тимейді. Өйткені өзіңіз білесіз пендешілік болып, ол ақшаның мақсатсыз жұмсалып кету тәуекелі өте үлкен. Есепшоттан ақша қажетті жерге аударылады.
Яғни ақшаны ипотеканы жабуға сұраған болсаңыз, бірден берешегіңіз бар банкке аударылады. Тағы бір маңызды жайт. Ата-аналары да өзінің жинағын ұл-қыздары үшін алып берсе болады.Тек құжат бойынша туыстығы расталуы керек. Жалпы елімізде 721 мыңнан астам адам ақшасын мерзімінен бұран алуға үмітті. Олардың қордағы ақшасы жеткілікті шегінен асып тұр.
Яғни 30 жастағы азаматтың шотында кемінде 2 миллион 518 мың теңге, ал 35 жастағы азаматтың шотында 2 миллион 961 мың, 40 жастағы салымшыда 3 миллион 437 мың теңге қалып тұруы тиіс. Адамдар бұл ақшаға тисе алмайды. Одан артылғанын ғана алады.
Ал сарапшылар болса, қордағы ақшаның жұртқа берілуі баспана бағасының қымбаттауына әсер етеді дейді. Өйткені көбі қаржысын пәтер алуға жұмсайды. Сәйкесінше сұраныс артады. Баға өседі. Оның үстіне қордағы ақша жалақысы жоғары, пәтері барларға берілейін деп тұр дейді.
Сәбит Рысбаев, қаржыгер:-Бұлар алған жағдайда да екінші, үшінші пәтерлерін алуы мүмкін. Таяқтың ұшы айналып келгенде әне-міне үй аламыз, үйге ақша жинаймыз деп жүрген адамдарға үйдің қымбаттап кетуі соққы болып тиюі әбден мүмкін.
Досжан Маратұлы, тілші:-Десе де қордағы ақшаны алудың ережесіне әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Өйткені құжат қазір қоғамдық талқылауға шығарылған. Сол үшін өтініштерді қазірден беруге асығудың қажеті жоқ. Барлығы бекітілген соң, шамамен 2021жылдың бірінші тоқсанының ішінде өтініштерді тек онлайн беруге болады.
Досжан Маратұлы