Бір күн ішінде қашықтан жұмыс істеп жүрген тоғыз адамнан вирус табылған. Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлім етті.
Айта кетейік, кеше 10 желтоқсаннан бастап астана коронавирустың таралу деңгейі бойынша «қызыл аймаққа» түскен. Бір күнде 118 адамнан вирус табылған. Жанна Пралиева олардың арасында 22 жұмыссыз адам , 13 зейнеткер, 43 кеңседе жұмыс істейтін адам, 9 қашықтан жұмыс істейтін адам, 3 медициналық қызметкер, 3 әскери қызметкер, мектепке барып оқитын 3 бала, үйде оқитын 11 бала, қашықтан білім алып жүрген 1 студент бар дейді.
Ал, қаланың қызыл аймаққа түсуіне қатысты санитар дәрігер мынандай түсініктеме берді:
«Қыркүйек айында, қазан айының бірінші онкүндігінде қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланды, бірақ қазан айының екінші жартысынан бастап репродуктивті сан R бірліктен асып кетті. R санының қазан айында 11 күн бойы және қараша айында 6 күн бойы төмендеуі байқалды, қалған уақытта R саны 1-ден асты, сондықтан қала "сары аймақта"болды. Қазан айымен салыстырғанда өздігімен медициналық қызметке қаралып анықталғандар (аптасына 18-ден 213 жағдайға дейін) және үй ошақтарында қатынаста болып ауырғандар (аптасына 15-тен 217 жағдайға дейін) санының көбеюі байқалады ,өткен аптада сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 51,0-ден асты. 10.12.2020 жылдан бастап қала "қызыл аймаққа"ауысты. Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауымен байланысты», - дейді ол.