Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты

14.12.2020

Мереке қарсаңында Тұңғыш Президент талантты жастарды марапаттады. Бүгін Елбасы «Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты.  

Әр баланың бойында талант бар. Оны тек ашу керек. «Ел үмітінің» әуелгі мақсаты да осы. Ойы озық, дарынды жастарды қолдау, қуаттау. Ал біздің елде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге ерекше назар аударылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
- Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған едім. Сонымен қатар тағы бір маңызды бастаманы – «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен таныстық.  

Әлем түрлі жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп жатыр. Ендігі маңызды міндет - елдің одан әрі дамуына негіз қалыптастыру. Ал жастар осы өзгерістердің негізі болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:  
-Қазақстан жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуге тиіс. Интеллектуалдық әлеуеті зор дәл осы жастар батыл идеялар мен бастамаларды іске асыруға жол бастайды.  

«Ел үміті» жобасы интеллектуалды және шығармашылық тұрғыда дамыған, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді терең түсінген және мұқтаж жандарға көмек көрсету жолындағы елдің белсенді жастарын біріктірді. Тұңғыш Президент сондай-ақ, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері мен өзгерістерді қадағалау бойынша сала менеджерлерін оқыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Ал «Қамқорлық» жобасы - инклюзивті қоғамды дамыту жөніндегі әлеуметтік бағыт, оның мақсаты - барлық азаматтар үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау. Форумда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында оңалту орталықтары ашылды. Ауруханалар жанынан ашылған оңалту орталықтары мен мектептердегі инклюзивті қолдау кабинеттері ең жақсы құралдарды қолдана отырып, жыл сайын бес мың бала үшін әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
 – Бұл бастаманы қолдағаны үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, Үкіметке және әкімдіктерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар 2021 жылы өңірлерде тағы жеті орталықтың ашылуына және Алматы қаласында екі орталықтың қайта құрылуына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ мен барлық өңірлерді әр ауданда осындай орталықтар ашуға және бұрынғыларын жаңартуға шақырамын. Осы арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың отбасыларын қолдау аясын кеңейтеміз.  

«Ел үміті» бастамасының жеңімпаздары марапатталды.

Елдос Төлепберген, оқушы /Қызылорда облысы/: 
-Елбасы медаліне қатысқаныма 5 айдай болды. Бүгінгі таңда өте үлкен нәтижеге жеттім деп айтуға болады. Кітап оқу бағыты бойынша 3 түрлі кітап оқыдым, әлем, орыс және қазақ әдебиеттері. Жобаға онлайн форматында қатыстым және азғантай қиындықтар болды. Жобаның жастарға берер мүмкіндіктері өте мол.  

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жастарды Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Асима Нұрбайқызы


Елбасы Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ форум

Хабарламаларға жазылу