Жамбыл облысының Қордай ауданында 10 ауылдың тұрғындарына мереке қарсаңында үлкен тарту жасалды. Президент тапсырмасы бойынша Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы мен Жамбыл облысының әкімдігі бірлесе отырып 60 мың тұрғыны бар елді мекендерге табиғи газ жеткізді. Барлығы 392 шақырымдық газ құбыры салынып, 7 000-нан астам отбасы табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды.
Маусым айында басталған жұмыстар қысқа мерзімде аяқталып, көпшілік көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Жоба жартылай бюджет, жартылай «ҚазТрансГаздың» инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Қордайдағы газ тарату станциясы да жаңғыртылған.
Сәкен Исмаилов, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры:-Осы газ құбырының құрылысымен қатар газ тарату станциясының жаңғырту жұмыстары жүргізілді, осы елді мекендерге газ беру үшін сол газ тарату станциясының өткізгіштік қабілетін арттыру мақсатында жұмыстар жүргіздік.
Газ қызметкерлері ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар да таратты. Көмір мен отын іздеп алаңдамайтын күнге жеткен ауыл тұрғындары жылуды жеткізуге атсалысқан азаматтарға дән риза.
Мадина Молдажанова, Сортөбе ауылының тұрғыны:-Бұрын үй салқын болатын. Кімде газ жоқ солардың бәріне осындай қуаныш тілеймін.
Облыс әкімдігі Қордай ауданының 95 пайыз халқын ең қолайлы отынмен жабдықтауды мақсат етіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Газдандыру арқылы тұрмыс сапасы көтерілсе, келешекте осы аудандағы 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысаны көгілдір отынның игілігін көрмек.
Сәбит Әлдебай