1 қарашадан бастап елордада жұмыс істейтін еңбек мигранттары Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тиісті рұқсат құжаттарын ала бастады. Аталған пилоттық жоба ҚР аумағында ағымдағы жылдың 22 маусымында басталған болатын, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспаөз қызметі.
«Егер бұрын еңбек қызметіне рұқсат алу немесе ұзарту үшін елордалық мигранттарға тек көші-қон ХҚКО-ға жүгінуге тура келсе, енді олар рұқсатты кез келген қалалық қызмет көрсету орталығынан ала алады. Ол үшін ХҚО-лардың ақпараттық жүйелері ҚР ІІМ Көші-қон қызметі жүйелерімен ықпалдасып, бастапқы және дайын құжаттарды беру тәртібі жеңілдеді.
Пилоттық жоба басталғаннан бері елорданың халыққа қызмет көрсету орталықтарында еңбек қызметіне 6576 патент берілді. Қарапайым ХҚКО-ларда жобаның сәтті іске асуына байланысты, Нұр-Сұлтан қаласындағы Иманов көшесі, 31 мекенжайында орналасқан көші-қон ХҚКО-ны тарату туралы шешім қабылданды», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, аталған көші-қон қызметі орталығы 2018 жылдың қаңтарында ашылған болатын. Мұнда «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары көші-қон полициясының қызметкерлерімен бірге «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеген.