Алматының мобильділік өзгерістерінің жария картасы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының мобильділік өзгерістерінің жария картасы іске қосылды

15.12.2020

Алматының мобильділік өзгерістерінің жария картасы іске қосылды. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтты. Басқарма аталған бастаманы халықаралық қаржы корпорациясы және Habidatum компаниясымен бірлесіп жүзеге асырған. Онда карантин кезінде мегаполистегі мобильділік өзгерістер туралы ақпарат алуға болады.  

Жүзеге асқанына алты айдан асқан жоба қала тұрғындарының карантинге дейінгі және кейінгі кездегі белсенділігіне баға беруге бағытталған. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктерді және көліктік инфрақұрылымдағы өзгерістерді, коммерциялық нысандарды және жаңа бизнестерді дамыту үшін қолға алынған өзгерістердің тиімділігін бақылауға арналған.  

Кассандра Колберт, – IFC аймақтық өкілдігінің басшысы:  
 -Бұл жобаның нәтижелері әкімдікке алдағы уақытта жаңа бастамаларды әзірлеуге көмектеседі деп үміттенеміз. Жоба деректері қаладағы негізгі салаларды ғана емес, әлеуметтік бағыттарды, сондай-ақ инженерлік өзгерістер қажет аумақтарды анықтауға мүмкіндік береді. 

Сарапшылар мұндай тәжірибе АҚШ, Ұлыбритания, Еуропалық одақ елдерінде жүргізілгендігін атап өтті. Ал елімізде өткен жылы басталған. Жоба қысқа мерзім ішінде қаланың вело-қауымдастығымен бірлесіп, мегаполистің велостратегиялық инфрақұрылымын жоспарлауға үлкен үлес қосты. Нәтижесінде Almaty Bike пайдаланушыларына қажетті велобағыттарды модельдеуге және веложолдар желісін жасауға септігі тиді. 

Баян Қоңырбаев, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:  
-Жұмыс нәтижелерін қысқамерзімді және ұзақмерзімді деп екіге бөлдік. Қысқамерзімді бөлікке қала велостратегиясын әзірлеу, ашық деректерді жүктеу мүмкіндігімен қоғамдық интерфейс құру жұмыстары жатады. Ал ұзақмерзімді перспективада мобильділікті жаяу жүргінші жолдарын, қала кеңістіктерін дамыту ісінде қолдануға және консультациялық сессиялар аясында қабылданған ұсыныстарды коммерциялық және қоғамдық кеңістіктермен жұмыс жасау кезінде пайдалануға болады.

Халық мобильділігінің мониторингі қала әкімшілігі мен кәсіпкерлерге оңтайлы шешім қабылдауда, сондай-ақ қала тұрғындарына өз ауданы немесе қала деңгейіндегі жағдайды талдау, оның ішінде күнделікті белсенділікті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ұсынылған деректер зерттеу орталықтары мен университеттерге эпидахуалды егжей-тегжейлі зерттеу үшін қажет. Айта кетейік, жоба нәтижелері Almaty Mobility Monitor көпшілік интерфейсі мен digital-almaty.kz сайтында көрсетілген.

Нұрхан Нұрланұлы


Алматы

Хабарламаларға жазылу