Елімізде киім саудасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе төмендеген. Базарлардағы саудагерлер өз дүкендерін жауып, күнкөрістің басқа көзін іздеп әлек. Жұмысы тұралаған кәсіпкерлерге қайтпек керек? Тілшіміз Ақниет Балтанова жауап іздеп көрді.
Киім-кешек пен сахналық образға ақша жұмсауды азайттық дегеннің бірі – Айгүл Қосанова. Елге індет келгелі әнші тапқан-таянғанын көптеп емес, ептеп жұмсауға көшкен.
Айгүл Қосанова, әнші:
Ол кезде аптасына 2-3 концерт болса, қазір 1 айда бір концерт болмайды. Сондықтан киім тігу, сахналық образ азайды. Тек киім емес, барлық жағынан үнемделіп жатыр.
Елорда тұрғыны Әдемі Ботабаева да сауда үйлеріне 3 ай сайын баратын. Себебі әр мезгілге сай 4 баласының киімін жылда жаңартып отырған. Бірақ биыл бұл үрдіс өзгерді.
Әдемі Ботабаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Бірінші қыркүйекте барған кезде мектеп формалары шақ екен. Оны киіндірдік те, көйлектерін ауыстырып жібере бердік. Ал бұрынғыдай жағдай болса, біз оны жаңалап отыратын едік. Соның барлығын биыл үнемдеуге тырысып отырмыз.
Тұтынушылардың сөзін саудагерлер де растап отыр. Нұр-Сұлтан базарларын аралап көрдік. Қаңырап қалған дүкендерден көз сүрінеді. Таңнан кешке дейін бірде бір тауар өткізе алмайтын күніміз көбейді дейді олар. Әкімшілік тарапынан 20% жеңілдік жасалса да, жалға алу құнын өтей алмай жатқан кәсіпкерлер көп.
Кәмшат Алпысбекова, кәсіпкер:
Бір бутикта бұрынғыдай бір адам тұрмайды. Бір бутикта 2-3 адам тұрады. Өйткені сауда жоқ. Арендасын төлей алмайды. Білді желтоқсаннан кейін босатамыз деп ашық айтып отыр.
Елдегі сауда үйлерінің де жағдайы мәз емес. Дүкен иелерінің барлығы жалға алу құнын төмендетуді сұраған. Өтініштері мақұлданса да, сауда орталығынан базарға көшіп жатқандары да бар.
Дамира Серікова, PR менеджер:
Жалға алу келісімшартын бұзу үрдісі өсіп жатыр. Әлемдік брендтер базарға көшпейді. Алайда жергілікті желілік емес дүкендердің базарларға көшуі байқалады.
Дегенмен барлық кәсіп жаппай тұралап қалды дей алмаймыз. Мысалы:
Ақниет Балтанова, тілші:
Елдегі эпидхуалға қарамастан саудасын сәтті жүргізіп отырған бизнес түрлеріне дәріханалар мен азық-түлік дүкендері және зоодүкендер кіреді екен. Дер кезінде онлайн-форматқа көшіп, көпшілікке қызығарлық ұсыныс тастай білген кәсіпкерлер де ұтылған жоқ.
Ал сарапшылар орта және шағын бизнесті қалыпқа келтіру үшін салық пен тынымсыз тексерісті азайтуды ұсынып отыр.
Ақниет Балтанова