Жаңа коронавирус штаммы Сингапурда алғаш рет анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа коронавирус штаммы Сингапурда алғаш рет анықталды

24.12.2020

Британияда табылған жаңа коронавирус штаммы Сингапурға да жетті. Бұл вариант та әлемді шарпиды деген қауіп бар. Сондықтан, бүгін Нью-Йорк әуежайы шетелден келген жолаушылардың бәрін карантинге жаба бастады. Ал, Біріккен Корольдікпен әуе қатынастарын доғарған елдер қатарына Қытай да қосылды.  

Ұлыбританияда табылған жаңа коронавирус штаммы Сингапурда алғаш рет анықталды. Ол қала-мемлекетке Еуропадан импортталған. Науқаспен байланыста болған 11 адам 14-күндік карантинге жабылды. Дегенмен, елдің денсаулық сақтау министрлігі бұл инфекцияның қоғамға тарап жатқанына дәлел жоқ дейді.

Бүгін Нью-Йорктің Джон Кеннеди халықаралық әуежайында шетелден келген барлық жолаушылар екі апталық карантинге жабылып жатыр. Әсіресе, Британиядан жеткендер жіті бақылауға алынады. Олар оқшаулану режимін бұзған әр күн үшін айыппұл төлейді.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі: 
-Біз жолаушылар, әсіресе, Ұлыбританиядан келгендер арқылы өзгелердің өмірін қауіпке душар ете алмаймыз. Сондықтан, карантин талаптарын орындамаған әр күн үшін 1000 доллар айыппұл салынады. Бұл ойымды жеткізе алғаныма сенімді болғым келеді.  

Айта кетсек, жаңа штаммға байланысты әлемнің ондаған мемлекеті Ұлыбританиямен әуе қатынастарын доғарды. BBC-дің хабарлауынша, Қытай да бұл корольдікке баратын және одан қайтатын авиарейстерді тоқтатайын деп отыр.

Британияның өзі болса, Оңтүстік Африка Республикасымен әуе байланыстарын үзді. Өйткені, онда да «ковидтің» жаңа варианты табылған.

Мэтт Ханкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі: 
-Бұл жаңа вариант қатты алаңдатып отыр. Өйткені, ол жылдам жұғады. Және де бұл штамм Біріккен Корольдікте табылғанымен салыстырғанда әрі қарай мутацияланып жатса керек. Осыған байланысты Оңтүстік Африкамен арадағы сапарларға шектеу қойылады.  

Зерттеушілердің ойынша, Англия мен Оңтүстік Африкада тіркелген жаңа коронавирус варианты тез тарағанымен, оның қауіптірек екеніне ешқандай дәлел жоқ. Сонымен қатар, бұл штаммды «ковидке» қарсы вакциналар жоя алады деген үміт бар. Ал, планетада COVID-19 вирусын жұқтырғандар 79 миллионға жақындап, одан 1 миллион 700 мыңдай адам қайтыс болған.

Арыстан Рысбек


коронавирус Сингапур

Хабарламаларға жазылу