Тура бір жыл бұрын, 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған ұшағы құлап, борттағы 98 адамның 12-сі мерт болып, көбісі жараланған, денсаулығын әлі түзей алмай жүргендер бар.
Бұл компанияның қызметі тоқтатылғасын алдын ала билет алып қойғандардың ақшасын қайтара алмай сандалғаны бөлек әңгіме. Ақпарат құралдарында сол ұшақта болған азаматтардың бастан-кешкендері аз баяндалмады.
Алматылық Айбар есімді жігіттің жанары онша көрмей қалған, рульге отыруға болмайды, сынып, жаншылған аяғын әлі күнге емдеп жүр. Ісіп кете береді. Мемлекет төлеген миллион теңге баяғыда біткен, денсаулығын түзеймін деп өз қалтасынан қомақты ақша жұмсаған, әуе компаниясы бір тиын бермеген. Ал біздің материалдың кейіпкері Асланды бейнелеп айтқанда, періштесі қаққан, дін аман.
– Ұшақтың алдыңғы бөлігі консерві қалбыры сияқты мыжылып қалды ғой, деп бастады, тілшімізбен әңгімесін. Қазір сюжетте баяндайды.
Тоқтала кететінім, өткенде біз ұшырылымдардың қауіпсіз болуын техникалық жағынан бақылап, қадағалайтын «Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің» Бас директоры Питер Гриффитспен сұхбаттасқанда, «Bek Air ұшағының апатын зерттеу барысында ұшақты ұшуға дайындау үшін пайдаланылған құралдардың құрамдас бөліктерінің қайдан шыққаны белгісіз болып шықты. Бұған ешкім жауапкершілік алғысы келмейді» деген еді.
Нұрхан Нұрланұлының материалы.