«ADAL» партиясының өкілдері жастармен жолықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ADAL» партиясының өкілдері жастармен жолықты

29.12.2020

«ADAL» партиясының үгіт-насихат тобы алматылық белсенділермен, жас кәсіпкерлермен және стартапшылармен кездесті. Сондай-ақ, бірнеше ұйым өкілдері және жарымжан балалардың ата-аналарымен онлайн форматта тілдесіп, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын талқылады.  

Елде мүгедектермен жұмыс істейтін оңалту орталықтарында білікті мамандар жеткіліксіз. Сондықтан, жарымжандар тиісті көмекті ала алмай отыр. Бүгін партия өкілдерімен тілдескен ата-аналар осылай деді. Сонымен қатар, онлайн жиынға қатысқандар мүгедек бала босанған аналарға перзентханаларда психологиялық көмек көрсету жайын талқылады. Психолог мамандар аналарды қолдап, оларды ерекше бала тәрбиелеуге дағдылау керек. Біз бұл проблемаларды қараусыз қалдырмаймыз, айтылған мәселелердің нақты шешімдерін әзірлейміз, дейді адалдықтар. 

Ақмарал Бекмырзаева, «ADAL» партиясының мүшесі: 
-Мүгедек балалар қазір тиісінше білім ала алмай жүр. Көп жерде спортпен айналысу мүмкіндігі қарастырылмаған. Бассейн, спорт залдары, түрлі секцияларды көбейту керек. Сонымен қатар, шығармашылық тұрғыдан дамуына да жағдай жоқтың қасы. Сондықтан, білім берумен қатар, оларды физикалық тұрғыдан да дамытудың жолдарын қарастырған жөн. Бізге тегін ештеңе қажет емес. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек уақытылы және сапалы болуын сұраймыз. 

Ал жас кәсіпкерлермен кездесу барысында бизнесті дамыту тетіктері талқыланды. Партия өкілдерінің сөзінше, стартап жобаларға өз деңгейінде қолдау көрсетілмейді. Аталған бағытқа назар аударып, жастарға мүмкіндік берсек, көптеген игі жобалар жүзеге асады. 

Олжас Ордабаев, «ADAL» партиясының мүшесі: 
-Біз бүгінгі кездесуімізде жастарға біраз мәлімет бердік. Кейбіреулері, тіпті , ауданнның, ауылдың жылдық бюджетін білмейді. Осы ақпаратқа қаныққан олар өз ойларын ортаға салды. Тіпті, нақты ұсыныстар да болды. Жастардың ұсынысы біз үшін қашанда маңызды. 

Айта кетейік, «ADAL» партиясынан Парламенттің төменгі палатасына 16 үміткер ұсынылған. Ал, жергілікті мәслихаттарға 537 адам кандидат ретінде тіркелген. Партия шалғай ауылдардағы тұрғындарды жұмыспен қамтуды мақсат етеді. Сондай-ақ бизнес бастауға ниеттілерді қолдамақ. Ауыл шаруашылығын кеңінен дамытуды да жоспарлап отыр. Басты мақсатымыз – білім беру саласын жандандырып, елдің әл-ауқатын арттыру,- дейді партия мүшелері. 

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу