Жамбыл облысында асыл тұқымды қой шаруашылығы шығынға батуда. Жыл сайын қымбатқа саудаланатын биязы жүні биыл пандемияның кесірінен сыртқа саудаланбай қоймаларда шіріп жатыр. Оның үстіне, осы жылы елімізде меринос қойының жүніне көмек ретінде берілетін субсидия да тоқтап қалды. Амалы таусылған шаруалар мал санын азайта бастаған.
Сәбит Әлдебай:-Қазір асылтұқымды қой шаруашылығының қоймасында осындай жүздеген тонна жүн үйіліп жатыр, бұл бір жылда жиналған жүннің бағасын шаруалар 100 млн теңгеден асып жығылады деп бағалауда. Алайда алымсақтардың болмауынан мына жүн бүлініп кетудің аз-ақ алдында тұр. Осылайша шаруалар шаш етектен шығынға батуда.
Бұған дейін қымбатқа бағаланған биязы жүнге биыл сұраныс жоқ. Жыл сайын Жапонияға жүздеген тонна жүн сатып шығындарын жауып келген шаруашылық биыл өнімді арзанға да сата алмай отыр.
Уалихан Керімқұлов, шаруашылық жетекшісі:-Шекараны жапты, содан бізде осындай проблема басталды.
Меркі ауданында асылтұқымды қой өсіретін 3 шаруашылық бар. Онда 50 мыңға жуық меринос қойы өсіріледі. Ал, 23 мыңдай қойы бар ірі серіктестік басшысы шаруашылықты ұстап тұру үшін мал санын азайтпасқа амал жоқ дейді
Уалихан Керімқұлов, шаруашылық жетекшісі:- Қойдың тұқымы бір жоғалған кейін онымен ешкім айналыспайды деп ойлаймын.
Биыл ауданда 160 тоннадан астам биязы жүн жиналған. Бірақ, өнім үшін берілетін мемлекеттік субсидияның осы жылы тоқтап қалуы шаруашылықтарға оңай соқпай тұр.
Ғалым Хамитұлы, Меркі ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің маманы:-Қолданыстағы заң бойынша субсидиялау қарастырылмаған. Жаңа енгізілген қағида бойынша ол малдың жем-шөбіне биылға өкінішке орай ақша бөлінбеді, бірақ келесі жылы қаржы қоюға сұралатын болады.
Асылтұқымды қойлар 7- 13 келіге дейін сапалы жүн береді. Мамандар осы жетістікке жетіп, малды асылдандыру үшін 50 жылдай селекциялық жұмыстар жүргізгенін айтады. Енді шығынға батқан шаруалар асылтұқымды қойларды етке өткізуге мәжбүр.
Сәбит Әлдебай