Ал пандемияға байланысты экономикалық тұрақтылықты сақтап, оны дамытуға биыл 5 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оған кәсібі тоқыраған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Досжан Маратұлы, тілші:-Әлемді дүрліктірген коронавирус, экономиканы да аяған жоқ. Биыл індеттің кесірінен шекаралар жабылды. Сауда айналымы бәсеңдеді. Мұнайдың арзандауы бюджет түсімдерін азайтып, теңгені құлдыратып жібергені тағы бар.
Тығырықтан шығу үшін шұғыл шаралар қабылданды. Әсіресе бизнесті қолдау күшейтілді. Мәселен карантин енгізілгелі 700 мың кәсіпкер салықтан босатылды. Несиелері кейінге шегеріліп, зардап шеккендерге төмен пайызбен несие берілді. Әрі бұрын 14-15 процентпен қарыз алғандардың берешегі, 6 пайызға дейін субсидияланды. Өйткені шағын және орта бизнес экономиканың негізі.
Бақытгүл Хамбар, Экономикалық зерттеулер институтының тұрақты даму жөніндегі хатшылық директоры:-Қазірдің өзінде пандемияға байланысты әлемде жағдай оңалған жоқ . Соған қарамастан ірі сауда нысандарының жұмыс жасауына, кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат беруі бір жағынан оның да қауіпі бар екені түсінікті. Бірақ соған қарамастан мемлекеттің бизнесті қолдауға жасалған шарасының бірі деп қарауға болады.
Иә, қазір бизнес қайта жанданып, жұмысы жалғасып жатыр. Ал жоғарыда аталған шаралар коронадағдарыстың салдарын жеңілдетуге сеп болды. Тіпті экономиканың көптеген саласында өсім бар. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайызға өскен.
Сауда айналымы 70,5 млрд доллар, оның 39-ы экспорт, 31миллиарды импорт. Ал жалпы ішкі өнім 2,8 процентке түсіп кеткен. Инфляция 7,3 пайызды құрап отыр.
Досжан Маратұлы, тілші:Осылайша пандемия кезінде кері кеткен экономиканы тұрақтандырып, дамыту үшін 5 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына баға беруге әлі ерте дейді сарапшылар. Өйткені ол келер жылы нақты нәтиже бермек. Оның үстіне экономика дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге 2021-дің екінші жартыжылдығында орала бастайды деген болжам бар.