«Ауылдықтар» кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауылдықтар» кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесті

30.12.2020

Ал «Ауылдықтар» бүгін кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өткізді. Жиында елдегі өзекті проблемалар көтерілді. Атап айтқанда, субсидия беру жүйесін жеңілдету, зейнетке шығу жасын қысқарту, жұмыссыздықпен күрес, экология мен табиғи қоспасыз өнім, маман тапшылығы мәселелері. 

«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов пен облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар «Жайық-ет» серіктестігінің ұжымымен кездесті. Басқосуда еліміздегі өзекті мәселелер талқыланды. Әрине басым бағыт ауылды өркендету, оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру дейді партия өкілдері. Оның ішінде мал санын көбейтіп, шағын кәсіпті өрістетем деушілер кең қолдау табу керек. Сондай-ақ субсидия беру жүйесін жеңілдету де маңызды. Ауыл - ел демографиясының негізі. Сондықтан партия бағдарламасында көпбалалы ана мәртебесін алу талабын өзгертіп, алтын құрсақ әйелдерді 53 жастан зейнетке шығару қарастырылған. Ал екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл жастарын жұмыспен қамту үшін де арнайы бағдарлама дайындалу керек, - дейді үміткерлер. Кездесуде шалғайдағы елді мекендердегі мал шаруашылығы мен экологияға қатысты мәселелері көтеріліп, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Арман Бегалиев, «Ауыл» ХДПП Орал қалалық мәслихат депутаттығына кандидат: 
-«Ауыл» партиясының көптеген бағдарламасының біреуі бұл біздің елге кіріп жатқан тағам өнімдері. Қазір ГМО дейміз. Сәбилеріміз ГМО-сы жоқ, химикаты жоқ дұрыс тағамды жеп өссе екен дейміз. 
Асан Сұлтанғалиев, «Ауыл» ХДПП мүшесі: 
-Ең қиын жағдайымыз маман тапшылығы. Себебі мамандар олар дайын болып келмейді, мамандарды дайындау керек. Сондықтан жас мамандарға келгенде бүкіл әлеуметтік жағдайын жасау қажет.    

Рауан Диәли


Хабарламаларға жазылу