Семейде 11 адамды үсік шалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде 11 адамды үсік шалған

04.01.2021

Синоптиктер еліміздің бірнеше облысында аяз күшейетіндігін ескертіп жатыр. Кешелі бері Шығыс Қазақстан мен Павлодарда термометр көрсеткіштері 40 градусты көрсетіп тұр. Кей жерлерде одан да жоғарылаған. Алыс жолға шығып көлікпен жолда қалғандар, үсік шалғандар бар. Ақмола облысында дизельмен жүретін көліктерге, ал Шығыс Қазақстан мен Алматы облысында қоғамдық көліктердің де қозғалысына шектеу қойылды. 

Семейде 11 адамды үсік шалып, емханаларға жүгінген. Төтенше жағдай қызметі мен полиция тұрғындарды алыс жолға шықпай, сақтық танытуға шақыруда. Дегенмен, ескертуді елемегендер жетіп жатыр. Өткен түні Павлодарға бет алған 15 жүк көлігінің жанармайы қатып орта жолда қалған. Дер кезінде көмекке келген құтқарушылар жүргізушілерді жылы жерге жеткізіп, аман қалды.

Мейірбек Нурикенов, жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы:  
-Көлікпен жолда қалғандар, үсік шалғандар жайлы ақпарат білсеңіз, жедел түрде 102, 103 немесе 112 нөмірлеріне хабар берулеріңізді өтінеміз. Негізсіз жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, үйден де шықпауға кеңес береміз. 

Павлодарда да бірнеше күн қатарынан сынап бағанасы түнде -40 градустан төмен түспей тұр. Салдарынан тас жол бойында бірнеше көлік, қала ішінде де 10-ған көлік жанып кетті. Мәліметке қарағанда электр сымдарына қырау қатып, содан от тұтанған. Ал, Екібастұзда ата-анасымен серуенге шыққан, 1 жасқа енді толған нәресте бармағын үсітіп ауруханадан бір-ақ шыққан. Ескертуге қарамастан Астана, Қарағанды бағыты бойынша жолға шыққан ондаған көлік сынып, жүргізушілерін құтқаруға тура келді. Іштерінде шетелдіктер де бар.

Бүгін Павлодар облысында дизельді жанармаймен жүретін және қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салынды. Синоптиктер өңірлерде сақылдаған сары аяздың әлі бірнеше күн сақталатынын айтуда.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу