Анкарада Абай ескерткіші ашылды. Түркия астанасының туристік орталығы - Гөлбашы ауданында ақынның мүсінімен қатар, орталық көшелердің біріне Абай есімі берілді. Қоладан құйылған мүсінді қазақстандық сәулетшілер тобы бірнеше айда жасап шығарған. Былтыр Абай жылы аясында Түркияда бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды. Бұл игі істер биыл да жалғаса бермек.
Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:-Анкараның ең көрнекті ауданының бірі туристер көп келетін Көлбасы деп аталатын ауданда ашуға ұйғардық. Көптеген ұсыныстар келіп түсті. Соның ішінен осы ауданды таңдадық. Бұл ауданның бірі ерекшелігі, парктің алдынан велосипед жолы өтеді. Ең көрнекті туристік орынға айналады. Қазірдің өзінде, көлдің айналасында көптеген туристік орындар бар.
Рамазан Шимшек, Гөлбашы ауданының әкімі:- Абай біз үшін де өте маңызды тұлға. Оның есімін ұлықтау мақсатында осы даңғылға атын беруді ұйғардық. Бұл көшенің бойында бірнеше үлкен университеттің студенттері тұрады. Сол жастар бауырлас халықтың тарихы мен әдет-ғұрпын білуі тиіс. Бұл бастама сол үшін жасалып отыр.
Сондай-ақ, осы күні Ақжан әл-Машанидің «Абай және Әл-Фараби» және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітаптарының түрік тіліндегі аудармалары да жарыққа шықты. Тұсаукесерге жиылған көпшілікке екі туындының ерекшеліктері таныстырылды.
Айдос Әшім